Түркістан облысында су ресурстарын тиімді пайдалану және ирригациялық инфрақұрылымды жаңғырту бағытында маңызды бастама қолға алынды. Су ресурстары және ирригация министрлігі, «Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ және «Қазсушар» РМК мамандарынан құралған жұмыс тобы Жетісай, Мақтаарал, Шардара, Созақ және Отырар аудандарында жаңа биллинг ақпараттық жүйесін пилоттық режимде енгізуді бастады.
Жаңа жүйе су шаруашылығын цифрландыру арқылы ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға, су ресурстарын бақылауды күшейтуге және инвестициялық жобаларды дамытуға серпін береді. Мамандар шаруалармен, канал басшыларымен және су пайдаланушылар бірлестіктерінің өкілдерімен кездесіп, жүйенің жұмыс қағидаларын таныстырып, пилоттық аудандарда туындаған техникалық және ұйымдастырушылық мәселелерді шешіп жатыр.
Жүйенің басты мақсаты – құжат айналымын және фермерлердің су беру жөніндегі өтініштерін толық цифрлық форматқа көшіру. Бұл платформа арқылы пайдаланушылар онлайн төлем жүргізіп, орындалған жұмыстарға қатысты актілерді электронды түрде ала алады. Жүйе Бірыңғай жер кадастры, салық жүйесі және Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесімен интеграцияланған, бұл деректерді автоматты түрде алуға мүмкіндік береді.
Электрондық цифрлық қолтаңба арқылы өтініштер бірнеше минут ішінде ресімделеді, ал электронды келісімшарт су беру кезегін автоматты түрде анықтайды. Төлемдер мобильді қосымшалар немесе интернет-банкинг арқылы жүргізіледі, ал барлық құжаттар мен қаржылық операциялар пайдаланушының жеке кабинетінде қолжетімді болады.
Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығының басқарма төрағасы Қайратғали Хайрулла жаңа биллинг платформасының маңыздылығын атап өтті: «Цифрлық биллинг жүйесін енгізу су шаруашылығы процесінің ашықтығы мен тиімділігін арттырады. Жүйе су беру мен тұтыну көлемін нақты бақылауға, су ресурстарын тиімді жоспарлау мен басқаруға мүмкіндік береді».
Жобаның іске асуы өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының инвестициялық әлеуетін арттыруға да ықпал етеді. Суару суын тиімді басқару арқылы жаңа агроөнеркәсіптік жобаларға қажетті ресурстар қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, цифрлық жүйе фермерлердің өндіріс процесін жеңілдетіп, шаруашылық шығындарын азайтуға көмектеседі.
Түркістан облысында пилоттық жобаның табысты іске асуы басқа аудандарға кеңейтіліп, өңірдегі ирригациялық жүйенің толық цифрлық басқаруына жол ашады. Бұл – тек ауыл шаруашылығының дамуына ғана емес, облыстың жалпы экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған стратегиялық маңызды бастама болып табылады.

