ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ АЯСЫНДА 7 АВТОМАТТАНДЫРЫЛҒАН ӨЛШЕУ СТАНЦИЯСЫ ОРНАТЫЛАДЫ

Түркістан облысында көлік инфрақұрылымын жаңғырту және жол сапасын сақтау мақсатында мемлекеттік қолдау шаралары аясында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – ауыр салмақты жүк көліктерінің қозғалысын бақылауға арналған 7 автоматтандырылған өлшеу станциясын (АӨС) орнату жобасы. Бұл бастама Қазақстан Республикасының жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және автожол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты көрінісі болып табылады.

Бұл туралы Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында хабарлады. Оның айтуынша, қазіргі таңда 2 станция толық жұмыс істеп тұр, ал жыл соңына дейін тағы 2 нысанның құрылысы аяқталып, іске қосылады. Жобаның толық жүзеге асуы өңірдегі көлік қозғалысын реттеп, жолдардың ұзақ мерзімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Бүгінде ауыр жүк тасымалдаушылар тарапынан 1 045 құқықбұзушылық анықталып, 524 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Оның 125,1 млн теңгесі өндірілді. Жақында облыс әкімдігінде ауыр жүк тасымалдаушылармен ашық кездесу өткізіліп, өзекті мәселелер талқыланды. Автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату – мемлекеттің жол сапасын сақтау және көлік саласындағы заң талаптарын орындауды күшейту бағытындағы нақты қадам», – деді Қуатжан Әзімбайұлы.

Сондай-ақ, брифингке қатысқан «Түркістан облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы» РММ басшысы Ербол Ахметов жүк көліктеріне қойылатын салмақтық нормалар мен талаптарға тоқталды. Оның мәлімдеуінше, қазіргі таңда Арыс қаласына қарасты КХ-8 және КХ-92 автомобиль жолдарында автоматтандырылған өлшеу станциялары жұмыс істеп тұр. Бұл нысандар көлік ағынын тәулік бойы қадағалап, артық жүктеме жағдайында автоматты түрде айыппұл салуға мүмкіндік береді. Қолданыстағы талаптарға сәйкес, 1 осьтік жүк көлігіне – 10 тонна, 2 осьтікке – 18 тонна, 3 осьтікке – 20 тонна тіркемелі ауыр көліктерге – 50 тоннаға дейін жүк артуға рұқсат етіледі.

Бұл нормалар – жолдардың сақталуы мен қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етудегі басты шарттардың бірі. Автоматтандырылған өлшеу жүйелерін орнату – мемлекеттік қолдаумен жүзеге асып жатқан цифрландыру және жол инфрақұрылымын жаңғырту жобаларының бір бөлігі. Бұл бастама көлік саласында ашықтық пен тиімділікті арттырып, адам факторын азайтады және бюджеттік қаражаттың мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етеді. Нәтижесінде, Түркістан облысында жүк көліктерінің қозғалысы тиімді реттеліп, жолдардың сақталу мерзімі ұзартылады, ал аймақтың көлік-логистикалық әлеуеті мен экономикалық тұрақтылығы нығая түседі.