ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖАҢҒЫРТЫЛЫП, ӨҢІРЛЕР АРАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫС НЫҒАЯ ТҮСТІ

Түркістан облысында Мемлекет басшысының өңірлердің теңгерімді дамуын қамтамасыз ету, көлік-логистикалық инфрақұрылымды жетілдіру және халықтың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында автомобиль жолдарын жаңғырту жұмыстары қарқынды жалғасуда. Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту – өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсімін қамтамасыз ететін, тұрғындардың қауіпсіз қозғалысына жағдай жасайтын және елді мекендер арасындағы өзара байланысты күшейтетін негізгі бағыттардың бірі.

Осы мақсаттағы маңызды жобалардың бірі Шардара ауданында жүзеге асып, Жаушықұм мен Қалғансыр ауылдарын байланыстыратын аудандық маңыздағы автомобиль жолы пайдалануға берілді. Тұрғындар көптен күткен бұл инфрақұрылымдық нысан ауылдар арасындағы көлік қатынасын айтарлықтай жақсартып, ауданның әлеуметтік және экономикалық дамуына жаңа серпін бермек.

Жоба аясында КХSH-18 «КХ-163 Жаушықұм – Қалғансыр» аудандық маңыздағы автомобиль жолының 8 шақырымы облыстық бюджет есебінен орташа жөндеуден өтті. Құрылыс барысында жол төсемі толық жаңартылып, көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен жолдың пайдалану сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар кешенді түрде жүргізілді. Атқарылған жұмыстардың сапасы «Ұлттық жол сапасы орталығының» зертханалық бақылауынан өтіп, барлық техникалық талаптарға сәйкестігі расталды.

Жаңа жолдың іске қосылуы Жаушықұм және Қалғансыр ауылдарының тұрғындары үшін ғана емес, Шардара мен көршілес Келес аудандары арасындағы қатынасты да едәуір жеңілдетеді. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауды жеделдетуге, кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай қалыптастыруға, әлеуметтік және медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ тұрғындардың уақыт шығыны мен көлік пайдалану шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.

Бүгінде Түркістан облысында жол инфрақұрылымын жаңарту өңірдің экономикалық әлеуетін күшейтудің маңызды тетіктерінің біріне айналып отыр. Заманауи жолдардың салынуы мен қайта жаңғыртылуы инвестициялық тартымдылықты арттырып, өндіріс, сауда, туризм және логистика салаларының дамуына оң ықпал етуде. Сонымен қатар сапалы жолдар жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тұрғындардың жайлы өмір сүруіне негіз қалайды.

Жол инфрақұрылымына салынған инвестициялар ауылдық аумақтардың әлеуметтік әлеуетін арттырумен қатар, өңірдің ұзақ мерзімді экономикалық өсіміне де қызмет етеді. Елді мекендердің көлік қолжетімділігінің жақсаруы халықтың мобильділігін арттырып, жаңа өндірістер мен инвестициялық жобаларды іске асыруға кең мүмкіндік береді.