ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУҒА ЖАҢА СЕРПІН БЕРІЛДІ

Түркістан облысында кәсіпкерлік саласын қолдау мен дамытудың жаңа кезеңі басталды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы Фархат Сарсекеевтің кездесуі аймақ экономикасына тың серпін беруді көздеді.

Кездесуде шағын және орта бизнесті қаржыландыру, мемлекеттік қолдау бағдарламаларын жетілдіру және инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау мәселелері қаралды. Тараптар бизнес бастамаларды тиімді іске асыруға бағытталған бірлескен жобаларды қолға алуға уағдаласты.

Облыс әкімі атап өткендей, Түркістан тек тарихи-рухани орталық қана емес, сонымен қатар экономикалық дамудың жаңа үлгісін қалыптастыратын өңір болуы тиіс.

– Шағын және орта бизнес – экономикалық өсімнің қозғаушы күші. Сондықтан кәсіпкерлер үшін барынша тиімді және ашық экожүйе қалыптастыру маңызды. «Даму» қоры осы бағыттағы негізгі серіктесіміз болуға дайын, – деді Н.Көшеров.

Бүгінде Түркістан облысында 216 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Бұл көрсеткіш бойынша өңір елімізде алдыңғы үштікке кіреді. Өткен жылы кәсіпкерлерге 60,3 млрд теңгеге 699 жоба бойынша жеңілдетілген несие, ал 701 жобаға 60,6 млрд теңге кепілдік берілді.

2025 жылдың алғашқы жеті айында 22,8 млрд теңге көлемінде 181 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінген қаражаттар бизнестің нақты дамуына бағытталған.

Кездесуде «Өрлеу» бағдарламасының тиімділігі де талқыланды. Бағдарлама аясында туризм, көлік, білім және медицина сияқты бағыттардағы кәсіпкерлер жеңілдетілген несие ала алады. Жыл соңына дейін жалпы 750 млрд теңге бөлінуі көзделсе, соның 8,5 млрд теңгесі Түркістан облысындағы 14 жобаға бағытталған.

Түркістан кәсіпкерлікті дамытуда жаңа мүмкіндіктер аймағына айналып келеді. Аймақтық және республикалық деңгейдегі қолдау шараларының үйлесімді жүзеге асуы – бизнеске серпін беріп қана қоймай, облыстың инвестициялық тартымдылығын арттыруға жол ашады.

Алдағы уақытта кәсіпкерлікті дамыту, өндіріс көлемін ұлғайту және өңір экономикасын әртараптандыру бағытында облыс әкімдігі мен «Даму» қорының бірлескен жұмысы жалғасатын болады.