ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ ЖҮЙЕЛІ ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Түркістан облысында халықтың әл-ауқатын арттыру, жұмыссыздық деңгейін төмендету және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар басымдыққа ие. Өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар, инфрақұрылымдық бастамалар мен мемлекеттік бағдарламалар жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрғындардың табысын арттыруға мүмкіндік беруде. Бұл өз кезегінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп отыр.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте Өңірлік жұмыспен қамту картасының орындалу барысы талқыланып, саладағы негізгі көрсеткіштер сараланды. Жиында жұмыспен қамту саласындағы межелерді толық орындау, жаңа инвестициялар тарту және тұрақты жұмыс орындарының санын көбейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Биыл Түркістан облысында өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 74 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған. Оның басым бөлігі тұрақты жұмыс орындарына тиесілі. Бұл өңір экономикасының нақты секторларында еңбек нарығын кеңейтуге және азаматтарды тұрақты табыспен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.

Қазіргі таңда облыста жоспарланған көрсеткіштер кезең-кезеңімен орындалуда. Жыл басынан бері ондаған мың жұмыс орны ашылып, мыңдаған азамат тұрақты еңбекке тартылған. Сонымен қатар уақытша және субсидияланатын жұмыс орындары арқылы халықты жұмыспен қамту шаралары да тиімді жүзеге асырылуда.

Жұмыссыздық деңгейін төмендетуде инфрақұрылымдық жобалардың маңызы ерекше. Ұлттық жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылып жатқан құрылыс және инженерлік инфрақұрылым нысандары жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік беруде. Бұл жобалар өңірдің экономикалық әлеуетін күшейтіп қана қоймай, жергілікті тұрғындардың еңбекпен қамтылуына да ықпал етуде.

Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» бастамасы аясында да Түркістан облысында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аталған жоба халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін арттырып, еңбек нарығындағы белсенділікті күшейтуге бағытталған маңызды құралдардың бірі болып отыр.

Өңірде жұмыспен қамтудың белсенді шаралары кең көлемде жүзеге асырылуда. Әсіресе жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар және «Күміс жас» жобасы арқылы азаматтарды еңбекке тарту нәтижелі жүргізілуде. Бұл бағдарламалар жұмыс тәжірибесі жоқ жастарға алғашқы кәсіби дағдыларын қалыптастыруға, ал еңбек нарығынан уақытша тыс қалған азаматтарға тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді.