ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМІНІҢ КӨЛЕМІ 487,7 МЛРД ТЕҢГЕНІ ҚҰРАДЫ

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласы тұрақты даму мен өсім қарқынын сақтап келеді. 2025 жылдың басынан бері өңірде жалпы құны 487,7 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім көлемі 100,1 пайызды құрады. Бұл – облыстың агроөнеркәсіп кешені ел экономикасының маңызды тірегіне айналып отырғанының айқын дәлелі. Түркістан бүгінде ауыл шаруашылығын заманауи технологиямен ұштастырып, ауыл экономикасын нығайтуда республикадағы көшбасшы өңірлер қатарында.

Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын арттыру үшін барлық салада индикаторлар нақты белгіленіп, олардың орындалуы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында тұр. Әсіресе ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының басты драйвері ретінде ерекше назарда. Бұл бағытта өндіріс көлемін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және экспорттық әлеуетті кеңейту бойынша жүйелі шаралар жүзеге асуда.

2025–2027 жылдары жалпы инвестиция көлемі 270,1 млрд теңгені құрайтын 67 жоба іске асырылып, 2 488 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Ал биылдың өзінде 34 жоба жүзеге асырылуы тиіс болса, оның 22-сі жыл басынан бері сәтті іске қосылды. Нәтижесінде 935 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, ауыл аймақтарындағы әлеуметтік жағдайдың жақсаруына серпін берді.

Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы да айтарлықтай ұлғайған. 2025 жылы өткен жылмен салыстырғанда 34 мың гектарға артып, жалпы көлемі 907 мың гектарды құрады. Астық ору науқаны мерзімінде аяқталып, диқандардың қажырлы еңбегінің арқасында 9 мың тонна мақсары, 791 мың тонна көкөніс, 1,1 млн тонна бақша өнімі және 234 мың тонна картоп жиналды. Бұл – өңірдің ішкі нарығын отандық өніммен қамтып, баға тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік беретін маңызды нәтиже.

Сонымен қатар, мал шаруашылығын дамыту да тұрақты назарда. Биыл 5,2 млн тонна мал азығын дайындау жоспарланған болса, бүгінгі таңда оның 4,5 млн тоннасы (яғни 86%) дайындалған. Бұл көрсеткіш ауыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегі мен ұйымдастыру жұмыстарының жоғары деңгейде екенін көрсетеді.

Ауыл шаруашылығын әртараптандыру бағытында да нақты қадамдар жасалып жатыр. Рентабельділігі жоғары дақылдар егісі ұлғайтылып, заманауи су үнемдеу технологиялары енгізілуде. Әр аудан мен ауылдық округте фермерлердің әлеуетін арттыру мақсатында оқыту, тәлімгерлік және мемлекеттік қолдау шаралары кеңейтілуде.

Жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемін 1 трлн теңгеден асыру межеленіп отыр. Бұл мақсатқа жету өңірдің аграрлық саясатының тиімділігін және еңбеккерлердің жоғары әлеуетін айқындайды. Түркістан облысы алдағы уақытта да агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытта дамытуды, заманауи инфрақұрылым құруды және экспортқа бағдарланған өндірістерді көбейтуді көздейді.