Түркістан облысы соңғы жылдары өндіріс, инвестиция және инновация саласында айтарлықтай серпінге қол жеткізді. Әсіресе, «Turan» арнайы экономикалық аймағы (АЭА) өңірдің индустриялық-инновациялық дамуының негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр. Жалпы аумағы 4 414 гектарды құрайтын бұл аймақ бүгінде 9 қосалқы секторды қамтиды және өңірдің стратегиялық экономикалық әлеуетін арттыруда шешуші рөл атқаруда.
Қазіргі таңда «Turan» АЭА аумағында жалпы құны 1 триллион теңгеден асатын 189 жоба тіркелген. Оның ішінде 255,9 млрд теңге көлеміндегі 40 жоба іске қосылып, 1 353 тұрақты жұмыс орны құрылды. Бұл көрсеткіш аймақ экономикасының жандануына, өндіріс көлемінің ұлғаюына және халықтың жұмыспен қамтылу деңгейінің артуына тікелей ықпал етті.
Облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбековтің төрағалығымен өткен мәжілісте арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылымын дамыту мәселелері кеңінен талқыланды. Кеңесте инженерлік-коммуникациялық жүйелермен қамту, электр желілерін тарту, газ және су инфрақұрылымын жетілдіру, сондай-ақ жол құрылысының сапасы басты назарға алынды. Өйткені кез келген өндірістік жобаның тұрақты және тиімді жұмыс істеуі ең алдымен сапалы инфрақұрылымға тікелей байланысты.
Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары жауапты мекемелерге инженерлік инфрақұрылым бойынша жұмыстарды сапалы әрі мерзімінде орындауды, бюрократиялық кедергілерді азайтуды және рұқсат құжаттарын рәсімдеу процесін жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ АЭА аумағындағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысын ай сайын бақылауға алып, нақты есептілік жүйесін қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
Облыстық өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы өкілдері өз баяндамаларында жобаларды іске асыру кезінде туындайтын өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарын ұсынды. Талғат Қозбеков өз сөзінде «Turan» арнайы экономикалық аймағы Түркістан өңірінің жаңа экономикалық драйвері болуы тиіс екенін ерекше атап өтті.
Инфрақұрылымның сапалы дамуы – инвестициялық климаттың жақсаруына, жаңа кәсіпорындардың ашылуына және өндірістік әлеуеттің артуына негіз болмақ. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Түркістан облысы алдағы жылдары еліміздің жетекші индустриялық орталықтарының біріне айналатыны анық.
Түркістан бүгінде өндіріс пен инфрақұрылымды тең дәрежеде дамытып, экономикалық серпіннің нақты үлгісін көрсетіп отыр.
