ТҮРКІСТАН МЕН ТАШКЕНТ ОБЛЫСТАРЫ АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ӨҢІРЛІК ДАМУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІН АШАДЫ

Қазіргі таңда Түркістан облысы халықаралық экономикалық байланыстарды кеңейту, инвестициялық тартымдылықты арттыру және өңіраралық серіктестікті нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл бастамалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, жаңа өндірістерді іске қосуға, кәсіпкерлікті дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік жасауда.

Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі ретінде Өзбекстан Республикасының Ташкент облысында өткен «Шекарасыз ынтымақтастық» халықаралық бизнес-форумын атауға болады. Ауқымды іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және бизнес-делегация қатысып, екі өңір арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және туристік ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін талқылады.

Форумға екі тараптан 200-ге жуық кәсіпкер, инвестор және салалық мекеме өкілдерінің қатысуы оның маңызын айқындай түсті. Іскерлік алаңда өндіріс, ауыл шаруашылығы, туризм, логистика және шағын және орта бизнес салаларындағы өзара ықпалдастық мәселелері кеңінен қаралды.

Іс-шара барысында Ташкент облысының хокимі Зойир Мирзаев пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров сөз сөйлеп, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестіктің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Екі өңір басшылары тарихи тамыры ортақ халықтардың достық байланысы бүгінде нақты экономикалық жобалар арқылы нығайып отырғанын жеткізді.

Түркістан облысы соңғы жылдары еліміздегі инвестициялық белсенділігі жоғары өңірлердің біріне айналды. Қазіргі таңда облыс аумағында жалпы құны 6 миллиард АҚШ долларын құрайтын 122 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып, өндірістік қуаттарды арттыруға және өңір экономикасының құрылымын әртараптандыруға ықпал етуде.

Әсіресе ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, тоқыма өндірісі, логистика және туризм салалары тұрақты дамып келеді. Өзбекстан капиталының қатысуымен жүзеге асырылып жатқан бірқатар инвестициялық жобалар өңірлер арасындағы экономикалық байланыстың нақты нәтижесін көрсетуде. Олардың қатарында ірі ет өңдеу кешені, бордақылау алаңы, тамшылатып суару жүйелерін өндіретін зауыт және күнбағыс майын шығаратын өндіріс орындары бар.

Өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыратын маңызды факторлардың бірі – қолайлы инфрақұрылым. Бүгінде Түркістан облысында жалпы аумағы 1960 гектарды құрайтын 21 индустриялық аймақ пен 1400 гектарлық арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Бұл аумақтар инженерлік желілермен толық қамтамасыз етіліп, инвесторларға салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсынылған. Сонымен қатар кәсіпкерлерге дайын өндірістік нысандарды тиімді шарттармен пайдалану мүмкіндігі қарастырылған.

Форум барысында Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттері басшыларының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы жобасына ерекше назар аударылды. Сарапшылардың пікірінше, бұл бастама шекара маңындағы өңірлердің өндірістік әлеуетін біріктіріп, жаңа кәсіпорындардың ашылуына және өзара тауар айналымының артуына мүмкіндік береді.