ТҮРКІСТАН: КЕЛЕС АУДАНЫНДА 2 МЛРД ТЕҢГЕЛІК МИНЕРАЛДЫ СУ ЗАУЫТЫ САЛЫНЫП ЖАТЫР

Келес ауданының Жүзімдік ауылдық округі соңғы жылдары әлеуметтік және экономикалық даму қарқыны бойынша аймақтағы серпінді округтердің біріне айналды. Егін және мал шаруашылығына негізделген ауыл шаруашылығы бағытындағы өңір бүгінде инвестициялық жобалар мен шағын кәсіпкерлікті дамыту арқылы экономикалық әртараптандыру жолына бет алған. Жүзімдік ауылында жеке кәсіпкерлердің қолдауымен 2 миллиард теңгеге минералды су шығаратын зауыттың құрылысы жүргізілуде. Бұл жоба іске қосылған жағдайда жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары ашылып, өңірдің өндірістік және экспорттық әлеуеті артады деп күтілуде. Сонымен қатар, 500 миллион теңге көлеміндегі инвестициямен «Азиямед» емханасы салынуда. Бұл – халыққа қолжетімді медициналық қызмет көрсету сапасын арттырып, ауыл тұрғындарының тұрмыс деңгейін жақсартуға бағытталған әлеуметтік маңызы зор нысан. Мұндай жобалар – жергілікті экономиканы әртараптандыру, кәсіпкерлік белсенділікті арттыру және өзін-өзі қамтамасыз ететін ауылдық модель қалыптастыру жолындағы нақты нәтижелердің көрінісі. Округ аумағында ауыз су, жарық және жол бағыттарында маңызды жұмыстар атқарылуда. Жүзімдік елді мекенінде мембраналық сүзгіш орнатылып, 541 абонент таза ауыз сумен қамтылды. Сонымен қатар, Оңтүстік, Бірлесу және Ақсу елді мекендерінде су жүйелерін жүргізу жұмыстары жалғасуда. Ақсу ауылындағы жоба құны – 1,1 миллиард теңге. Барлық елді мекен табиғи газбен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Биыл Жүзімдік ауылында 12 көше жарықтандырылып, демеушілер есебінен тағы 3 көшеге жарық шамдары орнатылды. Мұның бәрі ауылдың қауіпсіздігі мен тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты істер. Қазіргі таңда округте 3 жалпы білім беру мектебі, 4 бөбекжай-балабақша, 1 дәрігерлік емхана және 1 модульдік дәрігерлік пункт халыққа қызмет көрсетіп келеді. Білім саласында 1 067 оқушы оқып, 647 бала балабақшаға барады. Биыл 50 орындық жаңа дәрігерлік емхана мен мәдениет үйі пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, ауылдық кітапхана қоры 435 жаңа кітаппен толықты. Бұл – ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымының жаңарып, халықтың мәдени және рухани қажеттіліктерін өтеуге бағытталған кешенді өзгерістердің белгісі. Жүзімдік округі негізінен ауыл шаруашылығына бағытталған өңір ретінде егін және мал шаруашылығын қатар дамытып отыр. Биыл 1350 гектар жерге егіс егілді, барлық мал басына ветеринарлық профилактикалық жұмыстар толық жүргізілді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығына қажетті инфрақұрылымды жақсарту мақсатында Ащысай каналының 17 шақырымы механикалық тазалаудан өтті. Бұл шаралар ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін арттыруға, суды үнемді пайдалануға және шаруалардың табысын көбейтуге мүмкіндік береді. Жүзімдік ауылдық округінің даму көрсеткіштері өңірдің өзін-өзі қамтамасыз ету әлеуеті жоғары екенін көрсетеді. Мұнда шағын және орта бизнес қарқынды дамып келеді: 14 дүкен, 2 дәріхана, 2 шаштараз, 2 көлік жөндеу шеберханасы және басқа да қызмет көрсету нысандары тұрақты жұмыс істеуде.