ТҮРКІСТАН: ЖОЛ САПАСЫ – ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ

Түркістан облысында инфрақұрылымдық даму – өңір экономикасын нығайтудың басты бағыттарының бірі. Соның айғағы ретінде биыл Түлкібас ауданында тозығы жеткен 21 ішкі көшеде жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл бастама тек көлік қатынасын жақсартуға емес, сонымен бірге ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр. Жөндеу жұмыстарының басым бөлігі – «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Бағдарлама шеңберінде 18 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, тұрғындар өтініші негізінде Шыңғысбеков, Көбей және Байсеріков көшелері облыстық бюджет есебінен толықтай жаңартылуда. Бұл жобалар жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырумен қатар, ауданның ішкі экономикасына да серпін бермек.

Мәселен, ауыр жүк көліктері жиі жүретін Шыңғысбеков көшесіне ерекше инженерлік шешім қолданылуда: жолдың астыңғы қабатына 15 см бетон құйылып, үстіне 6 см асфальт қабаты төселмек. Бұл – ұзақ мерзімге төзімді әрі қауіпсіз жол салудың жаңа тәсілі. Кенттің шығыс бөлігіндегі басты көшеге аяқжолдар салу тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етсе, Көбей көшесіне науа (лоток) орнату жұмыстары жүргізілуде. Инфрақұрылым сапасы – экономикалық дамудың басты факторы. Жол сапасының жақсаруы ауыл мен қала арасындағы байланыс аясын кеңейтіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауды жеңілдетеді. Нәтижесінде, жергілікті кәсіпкерлер мен шаруалар үшін нарыққа шығу мүмкіндігі артып, өңірдің логистикалық тартымдылығы күшейеді.

Құрылыс аяқталған соң, көшелерге жол белгілері орнатылып, қажет болған жағдайда бейнебақылау камералары қойылады. Бұл да – қауіпсіздік пен тәртіпті күшейтуге бағытталған қадам. Жоба толық аяқталғанда, Түлкібас ауданындағы ішкі жолдардың қанағаттанарлық деңгейі 86,6 пайыздан 89 пайызға дейін артады. Бұл – өңір экономикасы мен тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған нақты нәтиже. Жол инфрақұрылымының жаңаруы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады: жергілікті бизнестің дамуына, еңбек өнімділігінің артуына және инвестиция тартуға ықпал етеді. Түркістан облысы осылайша өз экономикасын әртараптандырып, «жол – даму тамыры» қағидатын іс жүзінде дәлелдеп келеді.