Түркістан қаласында соңғы жылдары жол инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Бұл — қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға және көлік қозғалысын тиімді реттеуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Бүгінде Түркістан қаласының бірнеше тұрғын алабында орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Атап айтқанда, Бекзат тұрғын алабында ұзындығы 8,4 шақырымды құрайтын 5 көшеде жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Мұнда жол негізін дайындау, ірі және ұсақ түйіршікті асфальт төсеу, жиектерді ретке келтіру, сондай-ақ бір жақты аяқжол салу жұмыстары атқарылуда. Бұл шаралар тұрғындар үшін қауіпсіз әрі ыңғайлы қозғалысты қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар, Отырар тұрғын алабында жалпы ұзындығы 24,6 шақырым болатын 28 көшеде орташа жөндеу қолға алынған. Жөндеу тізіміне Шаян, Ойсылқара, Келес және оларға іргелес бірнеше көше енген.
Бұл аумақтағы жұмыстар аяқталған соң, тұрғындардың қала орталығына қатынауы жеңілдеп, қоғамдық көлік пен жаяу жүргіншілер қозғалысы әлдеқайда ыңғайлы болмақ.
Қазіргі таңда Түркістан қаласы аумағында ұзындығы 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша олардың 50,3 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда деп бағаланған.
Биыл қосымша 138,5 шақырым жолды орташа жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Бұл жұмыс толық жүзеге асқанда, қаладағы сапалы жолдардың үлесі 66,7 пайызға жетпек. Ал келесі жылдары жоспарланған жобалар орындалса, бұл көрсеткіш 70 пайызға дейін өседі.
Жол инфрақұрылымының жақсаруы тек көлік қозғалысын жеңілдетіп қана қоймайды. Ол қала экономикасының дамуына, жаңа тұрғын аудандардың қалыптасуына және инвестициялық тартымдылықтың артуына тікелей әсер етеді.
Бүгінде Түркістанда әрбір жаңа жол — тұрғындарға жайлылық сыйлайтын нақты нәтиже. Асфальтталған көшелер, жарықтандырылған жолдар мен жаңа аяқжолдар — қаланың заманауи, қауіпсіз және көрікті болмысына қосылған үлес.
Түркістан — тек рухани және мәдени орталық емес, сонымен қатар дамушы инфрақұрылымы бар заманауи қала.Жол сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде алдағы уақытта тұрғындар қауіпсіз, тегіс әрі ыңғайлы жолдармен еркін жүре алады. Бұл — Түркістанның жаңа бет-бейнесін айқындайтын, халық игілігі үшін жасалып жатқан нақты істердің көрінісі.
