ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА МЕРЕКЕ АЯСЫНДА МӘДЕНИЕТ ҮЙІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Ел бірлігінің, ұлттық рух пен жаңғырудың айшықты мерекесіне айналған 25 қазан – Республика күні биыл Түркістан облысының Жетісай ауданында ерекше мазмұнмен атап өтілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қайта жаңғырған бұл күн ел дамуының жаңа кезеңін бейнелейтін тарихи белеске айналып отыр. Осы мерекелі сәтте Жетісай ауданының Атақоныс елді мекенінде жаңадан күрделі жөндеуден өткен мәдениет үйі ел игілігіне пайдалануға берілді. Бұл — өңірдің мәдени және әлеуметтік әлеуетін арттырудағы маңызды қадамдардың бірі. 1957 жылы пайдалануға берілген мәдениет үйі биыл толық жаңартылды. 0,9346 гектар аумақта жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарына 342,8 миллион теңге қаржы бөлініп, оны «Намыс» ЖШС сапалы әрі мерзімінде аяқтап шықты. Жаңарған нысан тек мәдениет ошағы ғана емес, жергілікті тұрғындардың шығармашылық әлеуетін дамыту, жастардың бос уақытын тиімді өткізу және ауылдың мәдени өмірін жаңғырту орталығына айналмақ. Мұнда мәдениет үйінің қызметкерлерінен бөлек, ауылдық кітапхана мен спорттық үйірмелер де жұмыс істейтін болады. Жетісай ауданы соңғы жылдары инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды дамыту арқылы өзін-өзі қамтамасыз ететін аймаққа айналып келеді. Мәдениет үйінің қайта жандануы — осы бағыттағы нақты нәтижелердің бірі. Бұл жоба жергілікті құрылыс компанияларының әлеуетін пайдалану, жұмыс орындарын ашу, жергілікті бюджет қаражатын тиімді жұмсау арқылы іске асқан. Осылайша аудан экономикалық белсенділікті арттырумен қатар, әлеуметтік тұрақтылық пен тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыруда. Мерекелік іс-шараға аудан әкімі Серік Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясының аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров, еңбек ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар қатысты. Шара барысында арнайы алғыс хаттар табыс етіліп, жергілікті өнерпаздардың патриоттық әндері мен концерттік бағдарламасы көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Мәдениет үйінің ашылуы — тек бір ғимараттың қайта жаңаруы емес, Жетісай халқының рухани өмірінің қайта түлеуі, ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуы. Мұндай жобалар халықтың тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, өңірдің өз ресурсына, өз еңбегіне сүйеніп дамып келе жатқанын көрсетеді.