Түркістан облысы Сауран ауданы, Оранғай ауылдық округінде қуаты 300 МВт болатын ірі күн электр станциясының құрылысы ресми түрде басталып, уақыт капсуласын салу рәсімі өтті. Бұл жоба өңірдегі жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған ең ірі бастамалардың бірі болып табылады және облыстың энергетикалық әлеуетін арттыруға зор серпін береді.
Салтанатты шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жобаның өңір үшін стратегиялық маңызын атап өтті. – Бүгін біз қуаты 300 МВт болатын күн электр станциясының іргетасын қалап отырмыз, – деді әкім. – Түркістан облысы – ауа температурасы ең жоғары аймақтардың бірі. Сондықтан жаңартылатын энергия көздерін дамыту, күн қуатын тиімді пайдалану – өңір үшін өте тиімді және болашағы бар бағыт. Жобаға құйылатын инвестиция шамамен 160 млрд теңгені құрайды. Аталмыш станцияның іске қосылуы 500-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етеді.
Жобаның стратегиялық мәні тек энергетикалық қауіпсіздікті арттырумен шектелмейді. Ол өңір экономикасының әртараптануына, инвестициялық тартымдылықтың артуына, экологиялық таза энергия өндіруге жол ашады. Бұл бастама Түркістан облысының жасыл энергетикаға көшу жолындағы нақты қадамы болып табылады.
Салтанатты рәсімде бейнебайланыс арқылы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь, «China Energy Group» президенті Ни Чжэн және «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов өз құттықтауларын білдіріп, жобаның ұлттық энергетика саласындағы маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, «China Energy Engineering Overseas Investment Company» директорлар кеңесінің төрағасы Линь Сяодань объектіні белгіленген мерзімде және жоғары сапада іске асыруға дайын екендерін жеткізді.
Уақыт капсуласын салу құрметі Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровке, «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовқа және «China Energy Engineering Overseas Investment Company» директорлар кеңесінің төрағасы Линь Сяоданьға берілді.
Күн электр станциясы толық іске қосылғаннан кейін облыста жаңартылатын энергия көздерінің үлесі айтарлықтай өседі. Бұл өз кезегінде өңірде жаңа өндіріс орындарын ашуға, инвестиция тартуға қажетті энергияның тұрақты көзін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар жобаның экологиялық тиімділігі Түркістан облысын тұрақты, жасыл экономика қағидаларына сай дамытудың нақты үлгісі болмақ.
Қорытындылай келе, қуаты 300 МВт болатын күн электр станциясының құрылысы – Түркістан облысының экономикалық дамуы мен энергетикалық қауіпсіздігін нығайтудағы стратегиялық жобалардың бірі болып табылады. Ол инвестициялық тартымдылықты арттырып, жұмыс орындарын көбейту арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосады.
