Түркістан облысы мәдени және рухани даму бағытында жаңа жетістікке қол жеткізді. Түркістанда тігілген ең үлкен сәукеле ресми түрде Қазақстанның рекордтар кітабына енгізілді. Бірегей ұлттық бұйым 30-дан астам түркі халықтарының ою-өрнектерімен безендірілген. Әйелдердің дәстүрлі бас киімінің биіктігі 5 метр 20 сантиметрді, ал жабуының ұзындығы 600 метрді құрайды.
Бұл бастама өңірдің ұлттық құндылықтарды сақтау мен насихаттау, сондай-ақ Түркістанды түркі әлемінің рухани орталығы ретінде дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстарының нәтижесі болып табылады.
Айта кетейік, сәукеле сонымен қатар халықаралық «Global Book of Records» кітабына енді. Арнайы сертификатты табыстау рәсімі Түркістан қаласында өтті. Тарихи сәтке Қазақстанның рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов қатысып, сәукеленің рекордтық мәртебесін ресми түрде жариялады. Ол әлемде мұндай көлемдегі ұлттық бас киім бұрын-соңды жасалмағанын атап өтіп, жобаны Гиннестің рекордтар кітабына енгізу үшін тіркеу басталғанын жеткізді. Жобаның авторы, дизайнер Ақмарал Дауылбаева бұл сәукелені ұлттық рух пен әйел болмысының символы ретінде сипаттады:
«Сәукелеміздің биіктігі көкпен таласып, шыңмен тіресіп тұрсын дедік. Сондықтан оны 5 метр 20 сантиметр етіп жасадық. Ою-өрнегін өмір ағашының бейнесінде өрнектеп, бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен Ананың мейірімін бейнеледік. Бұл – өмірдің мәңгілігін, халықтың рухани тамырын білдіреді», – деді автор. Осылайша, Түркістанда тігілген сәукеле ұлттық дәстүрдің жаңғыруын, түркі мәдениетінің тұтастығын және облыстың мәдени-туристік әлеуетінің артып келе жатқанын айқын көрсетті.
