ТҮРКІСТАНДА ЗАМАНАУИ БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КЛАСТЕРІ ҚҰРЫЛАДЫ

Түркістан қаласында агроөнеркәсіп саласын дамыту бағытында тағы бір ірі инвестициялық жоба қолға алынбақ. Өзбекстан Республикасынан келген инвесторлармен өткен келіссөздер нәтижесінде, әуежай маңындағы жағажай аумағында заманауи балық шаруашылығы кластері құрылатын болды.

Кездесу барысында тараптар жоба аумағын арнайы аралап, оның инфрақұрылымдық және табиғи әлеуетімен танысты. Инвесторлар аталған аумақтың қолайлы географиялық орналасуы мен табиғи жағдайлары балық өсіру ісін дамытуға зор мүмкіндік беретінін атап өтті.

Жоба аясында Өзбекстандық тарап шамамен 5 миллион АҚШ доллары көлемінде жеке инвестиция салуды жоспарлап отыр. Жалпы аумағы 100 гектарды құрайтын кешен бірнеше бағытты қамтиды: 70 гектар — су қоймалары мен тоғандарға; 10 гектар — интенсивті бассейндерге; 20 гектар — әкімшілік, өндірістік және туристік инфрақұрылымға бөлінбек.

Балық шаруашылығы кешенінде инкубациялық құрылғылар, шабақ және балапан балық өсіруге арналған шаруашылықтар, сондай-ақ интенсивті су айдындары салынады. Бұған қоса, жобаның туристік әлеуетін арттыру мақсатында 200 орындық заманауи қонақүй мен мейрамхана бой көтереді. Толық қуатында жұмыс істей бастағанда, кәсіпорын жылына 1000 тонна балық, 50 миллион дана шабақ және 400 мың балапан балық өсіруді жоспарлап отыр. Сонымен бірге, 100-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Жоба алты кезеңнен тұрады және оны толық іске қосу мерзімі екі жыл деп жоспарланған. Қазіргі уақытта тараптар өзара ынтымақтастықты бекітуге бағытталған инвестициялық меморандум жобасын әзірлеуде. Бұл бастама Түркістан қаласының экономикасына жаңа серпін беріп, аграрлық сектордағы инвестициялық тартымдылықты арттырумен қатар, өңірдің экспорттық әлеуетін де күшейтпек.