ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА КАРТИНГ ЖӘНЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ-ДЕМАЛЫС АЙМАҚТАРЫН ҚҰРУ ЖОБАЛАРЫНА ИНВЕСТОРЛЫҚ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ АРТЫП ОТЫР

Түлкібас ауданының инвестициялық әлеуетін арттыру бағытында жаңа жобаларға қызығушылық күннен күнге артып келеді. Соның бір көрінісі ретінде аудан әкімі Асқар Естібаев бастаған делегацияның Қытай Халық Республикасының Чанша қаласына іссапары ауқымды нәтижелерге жол ашты. Аталған сапар барысында аудан басшысы картинг орталығы мен әлемдік деңгейдегі экологиялық-этнографиялық демалыс аймағын құру жобаларын дамыту мәселесін пысықтады.

Чанша қаласында орналасқан картинг орталығы аудан үшін үлгі болып табылады. 10 гектар аумаққа жайғасқан орталықта картинг жолдары, тікұшақпен экскурсия жасау аймағы, пиндбол қалашықтары және басқа да ойын-сауық нысандары бар. 2017 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл орталықта 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Қытайдағы сегіз картинг орталығының ішіндегі ең ірісі болып саналатын бұл нысанның тәжірибесі Түлкібас ауданында туристік-спорттық инфрақұрылымды дамытуға негіз бола алады.

Аудан әкімі Асқар Сұлтанұлы туризм мен спорт саласын біріктіретін жобаның барлық маңызды аспектілерін талқылап, Түлкібас аудан аумағында 10 гектар жерді картинг орталығы ретінде пайдалану жоспары пысықталып жатқанын хабарлады. Жоба іске асқан жағдайда жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары ашылып, кәсіпкерлік бастамаларға мүмкіндік туатын болады. Сондай-ақ, жобаның цифрлық басқару жүйесі арқылы келушілерді бақылау, 3D құрылғысы арқылы аумақты бейне жазбада қарау, арнайы қосымша арқылы кезек пен қозғалысты бақылау секілді заманауи технологиялық шешімдер енгізіледі.

Сонымен қатар, аудан делегациясы «Kazakhstan Silk Road International Holdings Group» ЖШС өкілдерімен дөңгелек үстел өткізіп, Иірсу елдімекені маңында әлемдік деңгейдегі экологиялық-этнографиялық демалыс аймағын құру жобасын қайта талқылады. Қытай елінде қызмет көрсету орындары (қонақ үй, тамақтану және сауда орындары) жеткілікті, ал Иірсу аумағында осындай инфрақұрылым жоқ, бұл жобаның стратегиялық маңызды инвестициялық мүмкіндік екенін көрсетеді. Инвесторлар жобаны бірлесіп жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр.

Аудан басшысы жобаның экологиялық талаптарға сәйкес жүзеге асырылатынын, жұмыс күшін жергілікті тұрғындардан тарту қажеттігін және инфрақұрылымды дамытуға аудан тарапынан қолдау көрсетілетінін нақтылады. Жоба іске асқан жағдайда туризм, спорт және демалыс индустриясы дамып қана қоймай, ауданның экономикалық әлеуеті айтарлықтай артады. Жаңа нысандардың ашылуы жергілікті кәсіпкерлерге инвестициялық мүмкіндіктер туғызып, Түлкібас ауданына тартылатын шетелдік капитал мен технологиялық тәжірибені арттыруға жол ашады.

Осылайша, Түлкібас ауданындағы картинг орталығы мен экологиялық-этнографиялық демалыс аймағын құру жобалары аймақтың туризм мен инвестициялық тартымдылығын күшейтудің стратегиялық бағыты ретінде маңызды болып отыр. Жобалардың іске асырылуы ауданның әлеуметтік және экономикалық дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындары мен кәсіпкерлік мүмкіндіктерін қамтамасыз етеді, сонымен қатар аймақты халықаралық туристік картаға енгізуге мүмкіндік береді.