Түлкібас ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы ауылдық жерлердің тұрмыс сапасын жақсартудан бастау алады. Соның айқын дәлелі — Мичурин ауылдық округіне қарасты Майтөбе елді мекенінде ауыз су тапшылығы мәселесінің түбегейлі шешім табуы. Көп жылдан бері тұрғындарды алаңдатқан су жетіспеушілігі биылғы жылы жаңа ұңғыма қазылып, істен шыққан су мұнарасының толық іске қосылуымен шешілді. Қазір ауыл аумағындағы үш бірдей су мұнарасы да штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Бұл — мыңнан астам түтіні бар елді мекеннің тұрмыс деңгейін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бүгін аудан әкімі Асқар Естібаев жауапты мамандармен бірге Майтөбеде болып, су жүйелерінің жұмысын тексеріп, сапасына назар аударды. Әкім ауылдағы ауыз су мәселесінің толық шешілуін халықтың өмір сапасын жақсартуға арналған жүйелі мемлекеттік саясаттың нәтижесі екенін атап өтті. Сонымен қатар, аудан басшысы Кемербастау ауылындағы канал құрылысының барысын да бақылап, су жүйелеріндегі ақауларды жою бойынша нақты тапсырмалар берді. Бұған дейінгі тапсырмалардың орындалу сапасы ауылдан сайланған депутатпен бірлесе тексеріліп, тиісті актілер рәсімделді. Аудан орталығына оралған Асқар Сұлтанұлы Пушкин және Бағысбаев көшелерінің қиылысындағы көпқабатты үйлердің аумағын аралап, тұрғындардың өтініштерінің орындалу барысын қарады. Атап айтқанда, №97 үйдің қасбетінің жөнделу сапасы, қоқыс тастайтын алаңдардың құрылысы және аулалардағы тазалық деңгейі назарға алынды. Тазалықтың талапқа сай еместігін айтып, ауыл әкімдігіне тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, санитарлық жағдайды жақсарту жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар, әкім кәріз сулары жиналатын орынның жағдайын тексеріп, оны мазараттан алысырақ аймаққа көшіру туралы тапсырмасының орындалу барысын бақылады. Бұл мәселенің тұрғындардың өтініші негізінде шешімін табуы – жергілікті билік пен халық арасындағы ашық диалогтың нәтижесі. Жалпы, Майтөбе мен Кемербастау ауылдарында атқарылып жатқан жұмыстар – өңірдің инфрақұрылымдық дамуына серпін беретін бастамалардың бір бөлігі. Мұндай жобалар ауыл халқын таза ауыз сумен, газбен және инженерлік жүйелермен қамтамасыз етіп, өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың нақты орындалуын көрсетеді. Түлкібас ауданында соңғы жылдары инфрақұрылым саласында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Әсіресе, шалғай ауылдарды сапалы ауыз сумен қамту, жол, жарық және санитарлық жағдайды жақсарту бағыттары ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеруде маңызды рөл атқаруда.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
