Түлкібас ауданы — табиғи байлығы мол, ауыл шаруашылығына қолайлы өңірлердің бірі. Соңғы жылдары ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру мақсатында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, отандық өнімдердің сапасын көтеріп, экспорттық әлеуетін кеңейтуге ерекше көңіл бөлініп келеді. Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі — экологиялық таза жеміс шырындарын өндіретін «Түлкібас жеміс-жидектері» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жаңа кәсіпорны. Жалпы құны 1 млрд 1 млн теңге болатын бұл жоба бүгінде толық дайындық кезеңіне жетті. Кәсіпорынға қажетті барлық заманауи технологиялық құрал-жабдықтар Қытай елінен жеткізіліп, сынақтан өткізілді. Өндіріс іске қосылған соң, экологиялық таза алмадан 7 түрлі табиғи шырын мен өзге де өнім түрлері «Түлкібас» брендімен ішкі нарыққа және болашақта экспортқа шығарылмақ. Жобаның ерекшелігі — шикізат ретінде тек жергілікті бақтарда өсірілген таза табиғи өнімнің пайдаланылуында. Бұл экологиялық қауіпсіздік пен сапа стандарттарын сақтай отырып, өңірдің «жасыл экономика» қағидаттарына сай келетін өндіріс құруға мүмкіндік береді. Бүгін аудан әкімі Асқар Естібаев, аудандық мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев, аудан әкімінің орынбасары Ғани Құрманбай және жауапты бөлім басшылары кәсіпорынның дайындық жұмыстарымен танысты. Аудан басшысы жоба авторы, жас кәсіпкер Бейбіт Төлешовпен кездесу барысында өндірісті сапалы іске қосу және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселелеріне назар аударды. Асқар Сұлтанұлы өз сөзінде өңірде өңдеуші өнеркәсіпті дамыту — экономикалық өсім мен тұрақты жұмыспен қамтудың негізгі тетігі екенін атап өтті: «Біз үшін ауыл шаруашылығын дамыту тек өнім өсірумен шектелмейді. Сол өнімді өңдеп, дайын тауар түрінде нарыққа шығару — аудан экономикасын әртараптандырудың басты бағыты. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан барлық қолдау көрсетіледі», — деді аудан әкімі. Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істей бастағанда, 35 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл — тек жаңа жұмыс орындары ғана емес, сонымен бірге жастарды кәсіпкерлікке тартудың, ауыл экономикасын нығайтудың нақты үлгісі. Сонымен қатар, бұл жоба «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба» және «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» бағдарламаларының мақсаттарына толық сәйкес келеді. Себебі мұнда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, импортты алмастыру, экологиялық өндірісті дамыту және жергілікті бренд қалыптастыру сынды негізгі бағыттар тоғысады. Экологиялық таза өнімге сұраныс жыл сайын артып келе жатқан бүгінгі таңда, «Түлкібас» брендімен шығатын табиғи шырындар өңірдің жаңа экономикалық әлеуетін танытатын сапалы өнімге айналары сөзсіз.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
