САУРАН: ӨНДІРІСТІК АЙМАҚТАР КӘСІПКЕРЛІКТІҢ ЖАҢА ДЕҢГЕЙІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДА

Түркістан облысының Сауран ауданында кәсіпкерлікті дамыту мен өндірістік әлеуетті арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2024-2026 жылдарға арналған жоспар аясында бірнеше ауылдық округтерде жаңа өндірістік аймақтар құрылып жатыр.

Атап айтқанда, алғашқы кезеңде Қарашық, Иассы, Жүйнек, Шорнақ және Үшқайық ауыл округтерінен 55 гектар жер бөлініп, бес өндірістік алаң бой көтеруде. Бұл аймақтарға жалпы 115 өндірістік цех салу көзделген. Қазіргі таңда 60 кәсіпкермен меморандум түзілген, ал 30-ға жуық жоба бойынша құрылыс жұмыстары басталып кеткен.

Жобалар толық іске асқанда 30 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, 1094 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков ауданға жұмыс сапарымен барып, құрылыс барысын көзбен көрді. Сапар аясында ол Иассы және Қарашық өндіріс аймақтарында болып, кәсіпкерлермен кездесіп, ұсыныстарын тыңдады.

Иассы ауылындағы өндіріс алаңы 9 гектар аумаққа орналасқан. Мұнда 24 жоба іске асырылмақ, оның 16-сы бойынша құрылыс жүріп жатыр. Алаң толық қуатында жұмыс істегенде 600-ден астам адам жұмыспен қамтылмақ. Инвестициялық көлемі — 6,3 млрд теңге.

Қарашық ауылындағы өндіріс аймағы 10 гектарды құрайды. Мұнда 20 жоба жоспарланған, 12 кәсіпкер құрылысқа кірісіп кеткен. Толық іске қосылғанда 170 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады. Жалпы инвестиция көлемі — 4,5 млрд теңге.

Сондай-ақ, Талғат Қозбеков Жүйнек ауылындағы “ASIA BREND” және “DIVALUX” жиһаз цехтарына барды. Бұл кәсіпорындарда 150-ден астам адам еңбек етеді. Заманауи технологиялармен жабдықталған өндірістер Қазақстанның барлық өңіріне өнім шығарып, аймақ экономикасына елеулі үлес қосуда.

Облыс әкімінің орынбасары кәсіпкерлердің бастамаларын жоғары бағалап, өндіріс аймақтарының құрылуы өңірдің экономикалық тұрақтылығын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретінін атап өтті.