САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА «ДАРБАЗА – МАҚТААРАЛ» ТЕМІРЖОЛ ЖЕЛІСІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Түркістан облысы Сарыағаш ауданында еліміз үшін стратегиялық маңызы зор «Дарбаза – Өзбекстанмен мемлекеттік шекара теміржол желісі» жобасының құрылысы белсенді жүргізілуде. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Жолдауында белгіленген инфрақұрылымдық міндеттерді жүзеге асырудың нақты көрінісі болып табылады. Ауқымды жобаны «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ қолға алып, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жоспарға сай орындалуда. Жалпы ұзындығы 153,2 шақырымды құрайтын жаңа теміржол желісінің 24,86 шақырымы Сарыағаш ауданының аумағынан өтеді. Бұл учаскеде 26 жасанды құрылыс нысаны салынуда, оның ішінде 15 су өткізгіш құбыры мен 11 көпір қарастырылған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының жалпы орындалу деңгейі 68 пайызға, ал жер төсемдерін салу көлемі 82 пайызға жетті. Сонымен қатар жаңа теміржол бойында электр бағаналары орнатылып, су, газ, байланыс және электр желілерін қайта құру толық аяқталған. Аудан әкімі Арман Абдуллаев құрылыс нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Әкім құрылыс сапасы мен мерзімдерінің сақталуын басты назарда ұстауды тапсырды. Жаңа теміржол – өңір экономикасының күретамыры. Жоба іске асқанда Сарыағаш ауданы мен Түркістан облысының көлік-логистикалық әлеуеті айтарлықтай артады. Бұл жаңа бағыт өңірлер арасындағы экономикалық байланысты күшейтіп, халықаралық сауда мен жүк айналымын жандандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар теміржол желісінің іске қосылуы аудан тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға, шағын және орта бизнестің дамуына серпін бермек. Инфрақұрылымның өркендеуі нәтижесінде ауданның инвестициялық тартымдылығы артып, Сарыағаштың аймақтық экономикалық орталық ретіндегі рөлі нығая түседі.