Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Сарыағаш ауданында санитарлық тазалықты сақтау, елді мекендерді абаттандыру және қоғамдық кеңістіктерді ретке келтіру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Осы мақсатта аудан көлемінде әр сенбі сайын жалпыхалықтық сенбіліктер ұйымдастырылып, көшелерді, саябақтарды, жол бойларын және қоғамдық орындарды тазалау жұмыстары тұрақты түрде атқарылуда.
Кезекті сенбілік барысында аудан әкімі Арман Абдуллаев жауапты бөлім басшыларымен, аудандық полиция басқармасы мен тиісті мекеме өкілдерімен бірге «Қапланбек» кеден бекеті және оған іргелес аумақтардың санитарлық жағдайын зерделеді.
Аралау барысында тұрмыстық қатты қалдықтарды уақытылы шығару, жол жиектерін күтіп ұстау, заңсыз қоқыс орындарының алдын алу, жасыл аймақтарды ретке келтіру және абаттандыру жұмыстарының сапасы жан-жақты қаралды. Аудан басшысы жауапты сала жетекшілеріне тазалық жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстап, белгіленген кестеге сәйкес сапалы ұйымдастыруды, сондай-ақ мекемелер арасындағы үйлестіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Сонымен қатар аудан әкімінің тапсырмасымен санитарлық тазалық талаптарының сақталуын бақылауға арналған арнайы жұмыс тобы құрылған. Бүгінде жұмыс тобы елді мекендерде тұрақты рейдтік іс-шаралар өткізіп, санитарлық талаптардың орындалуына мониторинг жүргізуде. Тексеру барысында заң талаптарын бұзған жеке және заңды тұлғаларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті әкімшілік шаралар қабылданатын болады.
Айта кету керек, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бекіткен «Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидалары» күшіне енді. Жаңа құжат елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту, қалдықтарды тиімді басқару, жасыл желектерді қорғау және қоғамдық кеңістіктерді күтіп ұстау бағытындағы жұмыстарды бірыңғай талаппен жүргізуге мүмкіндік береді.
Осыған байланысты Сарыағаш ауданында жаңа талаптарды тұрғындар мен кәсіпкерлерге кеңінен түсіндіру, профилактикалық жұмыстар жүргізу және қоғамдық орындарда тазалық мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Сонымен қатар ортақ пайдаланылатын аумақтарды ластау және санитарлық талаптарды бұзу фактілері бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауапкершілік қарастырылған.
Тазалық пен абаттандыру бағытындағы мұндай жүйелі жұмыстар ауданның экологиялық ахуалын жақсартуға, тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға және қоршаған ортаға деген жауапкершілік мәдениетін нығайтуға бағытталған.

