САРЫАҒАШТА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Дарбаза ауылдық округінде орналасқан индустриялық аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге бағытталған ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, «Альбарака 077» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күнбағыс майын өндіретін цехының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.

Жобаның жалпы инвестициялық құны 800 миллион теңгені құрайды. Кәсіпорын толық іске қосылған жағдайда, 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Индустриялық аймақ аумағынан өндіріс орнына 3 гектар жер телімі бөлінген.

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев құрылыс алаңына арнайы барып, нысанның қазіргі жай-күйімен және іске қосуға дайындық жұмыстарымен танысты. Аудан басшысы жобаның белгіленген мерзімде сапалы іске қосылуының маңыздылығын атап өтіп, жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді.

Қазіргі таңда күнбағыс майын өндіру цехының негізгі ғимаратының құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Бүгінде заманауи технологиялық құрал-жабдықтарды орнату, сондай-ақ іске қосу және баптау жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Жобаны 2026 жылдың бірінші тоқсанында толық іске қосу көзделіп отыр.

Аталған өндіріс орны іске қосылғаннан кейін өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу үлесі артып, ішкі нарықты отандық өніммен қамтуға және болашақта экспорттық әлеуетті кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындарының ашылуы аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң ықпалын тигізбек.

Жалпы, Сарыағаш ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл жоба Түркістан облысының индустриялық-инновациялық даму бағытына сай келеді және өңір экономикасын әртараптандыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі болып табылады.