Түркістан облысында халықты жұмыспен қамтуды арттыру, еңбек нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету және азаматтардың табысын ұлғайту бағытындағы мемлекеттік саясат жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Өңірде еңбек ресурстарын тиімді пайдалану, жұмыссыздық деңгейін төмендету және тұрғындарды нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталған бағдарламалар әлеуметтік-экономикалық дамудың маңызды тетіктерінің біріне айналып отыр.
Осы бағытта Ордабасы ауданында жұмыспен қамту шаралары кешенді түрде іске асырылуда. «Ордабасы аудандық мансап орталығы» филиалы арқылы жұмыссыз азаматтарды тұрақты және уақытша жұмыс орындарына орналастыру, кәсіптік оқыту, бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін ұйымдастыру және еңбек нарығына бейімдеу жұмыстары тұрақты негізде жүргізілуде.
2026 жылдың алғашқы алты айында жұмыс іздеп 2032 азамат өтініш білдірсе, 2940 адам белсенді жұмыспен қамту шараларына тартылған. Соның нәтижесінде 1270 азамат тұрақты жұмысқа орналасып, өздерінің тұрақты табыс көзін қалыптастырды.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында субсидияланатын уақытша жұмыс орындары да халықты жұмыспен қамтудың тиімді құралына айналып отыр. Осы кезеңде 932 адам уақытша жұмыспен қамтылып, оның ішінде 466 азамат қоғамдық жұмыстарға, 156 жас жастар практикасына, 229 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, ал 81 азамат «Күміс жас» жобасы арқылы еңбек қызметіне тартылды.
Сонымен қатар жұмыспен қамту көрсеткіштерін арттыруға бағытталған «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» жобасы аясында 427 адам, ал ұлттық жобалар шеңберінде 287 азамат жұмыспен қамтылды. Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында квота негізінде мүмкіндігі шектеулі 6 азамат пен пробация есебіндегі 7 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Әлеуметтік қолдау шаралары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Биыл аудан бойынша 583 отбасыға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету жоспарланған. Жыл басынан бері 506 отбасы атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылды. Оның ішінде 411 отбасыға шартты, 102 отбасыға шартсыз ақшалай көмек тағайындалды.
Шартты ақшалай көмек алушыларды еңбекке ынталандыруға ерекше назар аударылып келеді. Нәтижесінде 190 азамат белсенді жұмыспен қамту шараларына тартылып, олардың 177-сі тұрақты жұмысқа орналасты. Қалған азаматтар қоғамдық жұмыстарға, жастар практикасына және әлеуметтік жұмыс орындарына жіберіліп, еңбек нарығына бейімделу мүмкіндігіне ие болды.
Жұмыспен қамтуға бағытталған мұндай кешенді шаралар Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосуда. Тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуы халықтың әл-ауқатын арттыруға, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, еңбек нарығының тиімділігін күшейтуге және өңір экономикасының орнықты өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімді жүзеге асырылуы азаматтардың әлеуметтік тұрақтылығын нығайтып, өмір сүру сапасын жақсартуға және қоғамның экономикалық белсенділігін арттыруға оң ықпал етуде.

