Түркістан облысы, Ордабасы ауданының орталығы – Темірлан ауылында аудандық прокуратураның жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Жаңа нысанның ашылу салтанатына ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғабит Садырбеков, ҚР Бас прокуратура жанындағы құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Миразов, Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев, облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, аудан тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Салтанатты шара барысында ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғабит Садырбеков жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, аудандық прокуратура ұжымының азаматтардың құқықтары мен заңдылықты қорғау бағытында абыроймен еңбек ететініне сенім білдірді. Ол прокуратура қызметкерлеріне жағдай жасау – мемлекеттің маңызды саясаты екенін атап өтті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өз сөзінде ғимараттың құқықтық жүйенің дамуына, қоғамдағы әділдік пен сенімді нығайтуға қызмет ететінін, сала қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасалатынын жеткізді.
Жаңа нысан заманауи талаптарға сай салынған. Екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы 860 шаршы метрді, ал орналасқан аумағы 0,20 гектарды құрайды. Құрылыс жұмыстарын «Строй Жол Сервис KZ» ЖШС 2024 жылдың қыркүйек айында бастаған. Ғимарат толықтай жабдықталған, оның ішінде кеңсе бөлмелері, үлкен жиналыс залы, ас бөлмесі, жаттығу бөлмесі, жабық спорт залы және автотұрағы қарастырылған. Іс-шара барысында ғимарат құрылысына атсалысқан мердігер компания өкілдері мен жұмысшылар марапатталып, қонақтар аулаға ағаш отырғызып, қаланың көркеюіне атсалысты.
Ордабасы ауданындағы жаңа прокуратура ғимараты азаматтардың құқықтарын қорғау қызметінің сапасын арттырып, құқықтық мәдениетті нығайтуға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және жергілікті құқық қорғау органдарының тиімді жұмыс істеуіне маңызды серпін береді. Бұл нысан «Әділетті Қазақстан» идеясымен үндесіп, аудан тұрғындары мен қызметкерлерге заманауи жағдай жасап отыр.
