Созақ ауданында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту және қолайлы өмірлік орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Аудан әкімі М. Тұрысбековтің айтуынша, әсіресе құрылыс, жол, спорт, мәдениет және ауызсу салаларында айтарлықтай оң өзгерістер байқалады.
Тұрғын үй құрылысы да жүйелі түрде дамып келеді. 2024 жылы әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 48 пәтерлі тұрғын үйлер берілсе, биыл бұл көрсеткіш едәуір артты. Қазіргі таңда екі қабатты үш тұрғын үй толық пайдалануға дайын, әрқайсысында сегіз пәтер орналасқан. Сонымен қатар, екі пәтерлі жиыны 26 үйдің құрылысы аяқталып, Жеткіншек мөлтек ауданында 76 пәтерлі жаңа үйлер жаңа қоныстанушыларды қабылдауға әзір тұр. Барлық үйлер заманауи стандарттарға сай, травертинмен қапталған, жылу және су жүйелері толық тартылған, ішкі әрлеу жұмыстары аяқталған.
Демеушілер қолдауымен апатты үйдің орнына «Жаңғырту» бағдарламасы аясында бой көтеріп жатқан 16 пәтерлі екі қабатты тұрғын үй жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Биыл жалпы ауданда 92 пәтерлі жаңа тұрғын үйді ел игілігіне тапсыру жоспарланып отыр. Бұл тұрғын үй құрылысы жобалары тұрғындардың жайлы өмір сүруіне, әлеуметтік тұрақтылыққа және аудан инфрақұрылымының дамуына айтарлықтай үлес қосады.
Мәдениет саласында да белсенділік бар. Аудан орталығындағы «Жастар саябағында» жыл соңына дейін Арбат пайдалануға беріледі, бұл жастарға бос уақытын тиімді өткізуге жаңа мүмкіндіктер ашады. Сонымен қатар, аудандық кітапхананың жаңа ғимараты салынып жатыр, ал 9 елді мекендегі мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өтті. Ауылдарда жаңа саябақтар ашылып, бұрынғы демалыс аумақтары кезең-кезеңімен жаңартылуда, бұл ауылдық жерлерде мәдени өмірді белсенді етуге бағытталған.
Спорт саласы да серпінді дамып келеді. Жақында ауданда 200 орындық жаңа спорттық-сауықтыру кешені ашылды. Оның ішінде заманауи бассейн, футбол, волейбол, баскетбол, бокс, күрес және жаттығу залдары бар. Қозмолдақ ауылында жабық футбол алаңы пайдалануға берілсе, Шу, Тасты, Жуантөбе, Жартытөбе және Құмкент ауылдарында дәл осындай спорт нысандары салынып жатыр. Аудан орталығындағы «Достар» стадионы жаңартылып, Созақ ауылында жаңа спорттық-сауықтыру кешені салынып жатыр. Сонымен қатар, ауылдарда кіші футбол алаңдары, балалар ойын және шынығу алаңдары көбейтіліп, спорт инфрақұрылымы нығайтылуда.
Жол құрылысына да ерекше назар аударылуда. Биыл аудандық бюджеттен бөлінген қаржы көлемі екі есеге артты. Нәтижесінде ұзындығы 66,4 шақырымды құрайтын ауылішілік көшелер асфальтталып, қиыршық тас салу жұмыстары жүргізілді. Бұл соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып есептеледі. Сонымен қатар, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында қосымша 14,2 шақырымдық 12 көше жаңартылып, толық асфальтталды. Келер жылы ішкі жолдардың 100 пайыз асфальтпен қамтылуы жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар ауыл тұрғындарының күнделікті қатынасын жеңілдетуге, тұрмыстық жайлылығын арттыруға бағытталған.
Осылайша, Созақ ауданындағы жол, тұрғын үй, мәдениет, спорт және ауызсу саласындағы барлық бастамалар халық игілігіне қызмет ететін нақты іс-қимыл болып отыр. Аудан әкімінің айтуынша, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бұл жұмыстар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, өңірдің экономикалық әлеуетін күшейтеді және тұрақты даму үшін берік негіз қалыптастырады.
