Кентау қаласы әкімі Жандос Тасов төрағалығымен қалаға қарасты ауыл әкімдерінің кезекті есеп беру жиыны өтті. Жиын барысында Ащысай, Байылдыр, Хантағы және Қарнақ ауылдарының әкімдері өткен жылы атқарылған жұмыстар мен 2026 жылға жоспарланған жобаларды баяндады.
Ащысай ауылында алдағы кезеңде әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар іске асырылмақ. Атап айтқанда, балаларға арналған ойын алаңшалары салынып, ауыл көшелерінде жарық шамдар мен сымдар жаңартылады. Көпқабатты тұрғын үйлерде құрылыс жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік қолдау аясында ауыл шаруашылығы кәсіпкерлігін дамыту бағытында жұмыстар жалғасады.
Байылдыр ауылы 2025 жылы облыстық «Үздік ауыл» байқауында жеңімпаз атанғаннан кейін жаңа заманауи спорт-сауықтыру кешенінің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Жоба ауыл тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға және балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ауыл көшелерінде балалар ойын алаңшалары орнатылады, айналма жол бойында жарық бағаналары орнатылады, жарықтандыру жүйесі толық жаңартылады. Абай және Ж.Жангелдин көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ауыл көшесі бойында жаңа саябақ демалыс аймағы салынады.
Хантағы ауылында 2026 жылы экологиялық туризмді дамыту мақсатында «Визит орталығы» құрылысы жоспарланған. Бұл орталық туристерге арналған қонақ үйлер мен демалыс орындарын қамтып, келушілерге Қаратау қорығы аумағын таныстыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, орталықта Қазақстанның Қызыл кітабына енген Қаратау арқары, ителгі құсы және өңірдің өсімдіктер мен жануарлар дүниесі таныстырылатын болады. Ауылда жол құрылысы, демалыс аймағы және мал тоғыту орындарын құру да жоспарға енгізілген.
Қарнақ ауылы өзінің ауыл шаруашылығына бейім ерекшелігімен ерекшеленеді. Мұнда спорт кешенін салу, газ құбырларын жүргізу, инженерлік инфрақұрылым тарту және өрт сөндіру бекеттерін құру сияқты ауқымды жобалар жоспарланған. Қала басшысы ауылдарда құрылған өндірістік аймаққа жергілікті кәсіпкерлерді тартуды күшейту және ірі ауыл шаруашылығы жобаларын жүйелі түрде жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.
Жиын қорытындысында қала әкімі ауылдардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарды сапалы әрі уақытылы орындаудың маңыздылығын баса айтты. Осы бастамалар арқылы Кентау қаласына қарасты ауылдарда инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандар жүйелі жаңарып, тұрғындардың өмір сапасы артуда.

