КЕНТАУДА 234 МЛРД ТЕҢГЕЛІК ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Кентау қаласында соңғы үш жыл ішінде тұрғын үй қорын жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде 200-ге жуық көпқабатты тұрғын үйге жөндеу жүргізіліп, шаһардағы баспаналардың 85 пайызы жаңартылды. Бұл – қаланың келбетін жақсартумен қатар, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам.

Өткен жылы 5 қабатты 60 пәтерлі әлеуметтік несиелік тұрғын үйдің құрылысы жүргізілсе, жеке инвестор есебінен 3 қабатты 30 пәтерлі екі тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл туралы қала әкімі Жандос Тасов брифинг барысында мәлімдеді.

Қазіргі таңда Кентауда жалпы құны 234,6 млрд теңгені құрайтын 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Өндіріс орындары толық іске қосылғанда 1 768 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Қаланың индустриялық әлеуетін арттыру мақсатында Арнайы экономикалық аймақ пен Индустриалды аймақ жүйелі жұмыс істеуде.

Арнайы экономикалық аймақта жалпы құны 5,1 млрд теңгеге бағаланған 3 жоба іске қосылып, 310 жұмыс орны құрылған. Биыл мұнда 8 млрд теңгеге 4 жобаны жүзеге асырып, тағы 430 адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр. Ал Индустриалды аймақта өткен жылы 2,7 млрд теңгеге 7 жоба іске асырылып, 184 жаңа жұмыс орны ашылған. Қазіргі уақытта 3,3 млрд теңгеге 3 жоба құрылысы жүріп жатыр. Нәтижесінде 150 тұрақты жұмыс орны құрылмақ.

Нақты жобаларға тоқталсақ, Арнайы экономикалық аймақта интернет желісіне қажетті оптикалық кабель өндіретін «KENTAU CABLE INDUSTRIES» ЖШС зауыты салынуда. Жоба құны – 1 млрд теңге, 100 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Сонымен қатар құрал-жабдықтарға арналған металл шкафтарын құрастыратын «ELECTROCORE» ЖШС өндірісі іске қосылмақ (жоба құны – 1 млрд теңге, 60 жұмыс орны). Бұдан бөлек, «TURAN SHENHUA» ЖШС-нің 5,5 млрд теңгелік тоңазытқыш шығаратын зауыты 250 адамға жұмыс ұсынады. Индустриалды аймақта темір тор, құрылыс блоктары және асфальт-бетон қоспаларын өндіретін кәсіпорындар ашылуда.

2025 жылдың қорытындысы бойынша қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері айтарлықтай өсім көрсеткен. Жалпы өнім көлемі 101,6 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 117,5%-ға артқан. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 33,8 млрд теңгені құраса, өнеркәсіп өнімінің көлемі 59 млрд теңгеге жетті.

Туризм саласында да серпінді жобалар жоспарланған. Қала аумағында екі қонақ үй кешенін салу, сондай-ақ Хантағы ауылында «Khantau» глэмпинг демалыс аймағын ашу көзделген. Сонымен бірге Қаратау қорығы аумағында құны 150 млн теңгені құрайтын туристерге арналған «Визит орталығы» бой көтереді.

Инфрақұрылым бағытында да нәтижелі жұмыстар бар. Қала тұрғындарының 94 пайызы табиғи газбен қамтылған. Тозығы жеткен жылу қазандықтарының үлесі 87 пайыздан 25 пайызға дейін төмендеді. Халық 100 пайыз ауызсумен қамтамасыз етілген, ал 78,1 пайызы орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған. Көше жарықтандыру көрсеткіші – 100 пайыз. Қала мен оған қарасты елді мекендердегі жалпы ұзындығы 365 шақырымды құрайтын 416 көшенің жол сапасы жақсарып, қанағаттанарлық деңгей 90,5 пайызға жеткен.

Жұмыспен қамту саласында былтыр 6 327 азамат тұрақты және уақытша жұмысқа орналастырылды. 1 570 тұрғын субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілсе, 89 азаматқа жаңа бизнес жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік грант берілген.