Келес ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты серпін алып келеді. Ауданға қарасты Ақтөбе ауылдық округі соңғы жылдары ауыл инфрақұрылымын жаңғырту, кәсіпкерлікті дамыту және инвестициялық тартымдылықты арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарып келеді.Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Ердәулет Жасұзақов жергілікті БАҚ өкілдерімен өткізген брифинг барысында 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы даму көрсеткіштері мен алдағы жоспарларды таныстырды. Бүгінде округ экономикасының негізгі тірегі — шағын және орта бизнес. Округ аумағында 32 дүкен, 24 дүңгіршек, 6 жанармай бекеті, 5 дәріхана және 11 қоғамдық асхана жұмыс істейді. Бұл — жергілікті тұрғындардың белсенділігі мен бизнес ортасының жандануын айғақтайды. Кәсіпкерлік саласында 282 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының табысын арттырып, өңірдің әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуде. Сонымен қатар, инфрақұрылымға бағытталған мемлекеттік және жеке инвестициялар нәтижесінде Ақтөбе ауылдық округінің 96%-ы табиғи газбен қамтылған. Бұл — энергия тиімділігін арттырумен қатар, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Ауылдық округ аумағында ауызсу жүйесін жаңарту және электр желілерін қайта тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мұндай жобалар ауыл өміріне жаңа серпін беріп, жеке инвестиция тартуға қолайлы жағдай қалыптастыруда.Биыл округ аумағында екі жаңа мектеп пайдалануға берілді. Тағы екі білім беру нысанының жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Бұл — жас ұрпақтың сапалы білім алуына жағдай жасауға бағытталған стратегиялық бастама.Денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер бар. Қазіргі таңда 1 ауылдық аурухана, 6 дәрігерлік емхана және 6 фельдшерлік пункт жұмыс істейді. Мұнда 15 дәрігер мен 90-ға жуық медицина мамандары қызмет көрсетуде. Ақтөбе ауылдық округіндегі жолдардың жалпы ұзындығы 138,9 шақырымды құрайды. Биылғы жылы бірқатар көшелерде орташа жөндеу және жарықтандыру жұмыстары қолға алынған. Бұл шаралар ауылдың инвестициялық тартымдылығын арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Брифинг соңында Ердәулет Жасұзақов ауылды дамытудағы басты мақсат — инфрақұрылым мен экономиканы кешенді дамыту, жаңа инвестициялық жобаларды тарту екенін атап өтті. Ақтөбе ауылдық округінде атқарылып жатқан жұмыстар – Келес ауданының жалпы экономикалық әлеуетін арттыруға, ауылдық жерлердегі бизнес белсенділікті күшейтуге және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты қадамдар.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
