Келес ауданы соңғы жылдары өңірдің әлеуметтік және экономикалық келбетін жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Аудан орталығы — Абай ауылында тұрғындар мен қонақтардың бос уақытын тиімді өткізуіне, жайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыруға бағытталған жаңа серуендеу алаңының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жоба Араншы каналының бойында орналасқан, жалпы ұзындығы 450 метр аумақты қамтиды. Мұнда жаяу жүргіншілерге арналған жолдар төселіп, жарықтандыру желілері орнатылуда. Сондай-ақ демалыс аймағында сәндік көгалдандыру, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнату, заманауи шағын архитектуралық нысандар қою қарастырылған. «Бұл жер Келес жұрты үшін демалыстың, серуендеудің сүйікті мекеніне айналуы тиіс. Сондықтан әрбір жұмыс сапалы әрі уақытылы орындалуы қажет. Қазан айының соңына дейін серуендеу алаңы толықтай халық игілігіне берілуі керек», — деді аудан басшысы. Сонымен қатар, әкім Мүсір Артықов көшесі бойындағы абаттандыру жұмыстарын және орталық автобекет маңындағы республикалық А-15 трассасындағы қауіпсіздік жүйелерін қарап, талапқа сай ретке келтіру қажеттігін атап өтті. Бұл шаралар аудан орталығының эстетикалық келбетін жақсартумен қатар, көлік және жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Жаңа серуендеу алаңы – тек тұрғындардың тынығуына арналған орын емес, сонымен қатар ауданның инвестициялық және туристік тартымдылығын арттыратын маңызды жоба. Мұндай инфрақұрылымдық нысандар өңірдің экономикалық әлеуетін күшейтіп, шағын және орта бизнес субъектілерінің дамуына мүмкіндік береді. Алаң маңында шағын кофеханалар, қолөнер өнімдерін сататын дүңгіршектер мен қызмет көрсету орындарын ашу көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде жергілікті кәсіпкерлерге жаңа жұмыс орындарын ашуға және аудан экономикасына қосымша табыс әкелуге жол ашады. Келес ауданы соңғы уақытта өңірдің дамуына инвестиция тарту бағытында да айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуде. Аудан әкімдігі мен кәсіпкерлер арасындағы әріптестік байланыс күшейіп, инфрақұрылымға жеке капитал тарту тетіктері жолға қойылуда. — «Инвестиция — экономиканың қозғаушы күші. Әрбір жаңа жоба ауданның әлеуетін арттырып, халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталуы тиіс», — деді Жәнібек Есенұлы.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
