КЕЛЕС АУДАНЫНДА ЖАС МАМАНДАРДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖҮЙЕЛІ ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында өңірлерді теңгерімді дамыту, ауылдық аумақтардың инфрақұрылымын нығайту және білікті кадрларды елді мекендерге тарту мәселесіне айрықша басымдық беріп келеді. Мемлекет басшысы Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға ауылдағы әлеуметтік саланы күшейтіп, жас мамандарға жан-жақты қолдау көрсетуді тұрақты міндет ретінде жүктеген.

Осы стратегиялық бағыт аясында Түркістан облысының Келес ауданында «Дипломмен ауылға» мемлекеттік жобасы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. 2009 жылдан бері қолға алынған бұл бастама ауылдық жерлердегі кадр тапшылығын шешуге бағытталған. Бағдарламаның басты мақсаты – денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен және жергілікті мемлекеттік басқару органдарын білікті мамандармен қамтамасыз ету.

Жоба аясында ауылға жұмысқа барған жас мамандарға нақты әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылады. Атап айтқанда, 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы көтерме жәрдемақы төленеді. Сонымен қатар тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін аудан орталығында 2 500 айлық есептік көрсеткішке дейін, ал ауылдық елді мекендерде 2 000 айлық есептік көрсеткішке дейін бюджеттік кредит беріледі. Бұл кредит 15 жыл мерзімге рәсімделеді. Бағдарлама шарты бойынша маман ауылдық жерде кемінде үш жыл еңбек етуі тиіс.

2025 жылы Келес ауданына келген 120 маманға бір реттік көтерме жәрдемақы төленді. Сондай-ақ 55 маман тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін бюджеттік несиемен қамтылды. Бұл көрсеткіштер білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларындағы кадр тапшылығын азайтып, мамандардың ауылда тұрақтап қалуына мүмкіндік берді.

Ал 2026 жылға жоспар бойынша 50 маманға көтерме жәрдемақы беру және 27 маманды тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Жоспарлы жұмыстардың жалғасуы ауылдық аумақтардағы әлеуметтік қызмет сапасын арттырып, жергілікті тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсартуға ықпал етпек.

Жалпы алғанда, «Дипломмен ауылға» жобасы Келес ауданында өз тиімділігін дәлелдеп, ауылды жерлердің кадрлық әлеуетін нығайтуға және өңірдің тұрақты дамуына нақты үлес қосып келеді.