Түркістан облысының Келес ауданында ауыл шаруашылығын дамыту, агроөнеркәсіптік әлеуетті арттыру және өңір экономикасына жаңа инвестициялар тарту бағытында ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – Ақтөбе ауылдық округінде салынып жатқан «Ecoculture–Eurasia» өнеркәсіптік жылыжай кешені. Жобаның құрылыс барысымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев бастаған жұмыс тобы танысып, кешеннің агросекторды дамытудағы маңыздылығына жоғары баға берді.
Жобаның жалпы көлемі 500 гектар жерді қамтиды, оның бірінші кезеңі 51,26 гектар аумақта жүзеге асырылуда. Кешеннің құны 42 млрд теңгені құрайды, оның 23,5 млрд теңгесі «Қазақстан Даму Банкі» арқылы қаржыландырылған. Жылыжай кешені 8 блоктан тұрады, қазандық құрылысы 80 пайызға орындалған және жалпы қуаттылығы 14 МВт болатын 9 қазандық орнатылған. Сонымен қатар, 37,76 гектар аумақта жылыжай блоктарын полиэтиленмен қаптау жұмыстары аяқталған, ал 12,5 гектарлық екі блок көшет отырғызуға дайын.
Жылына 25 мың тонна өнім беруге арналған кешенде голландиялық технология енгізілуде. Қазан айында 6,25 гектар жерге «Климон F1» қызанақ көшеттері отырғызылды. Жоба іске қосылғанда 1 337 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Қазіргі таңда нысанға 100 адам жұмыс істеп, құрылыс кезеңінде де айтарлықтай еңбек ресурстары жұмылдырылған.
Жылыжай кешенін толық іске қосу үшін инженерлік инфрақұрылым тартылуда: газбен, электрмен және сумен қамтамасыз ету жүйелері орнатылып жатыр. Бұл кешен тек өнім өндіруді қамтамасыз етіп қана қоймай, агроөнеркәсіптік инфрақұрылымды нығайтып, ауыл шаруашылығын цифрландыру мен заманауи технологияларды енгізу мүмкіндігін береді.
Делегация мүшелері жобаның экономикалық тиімділігіне назар аударды. Жаңа жылыжай кешені аудан экономикасына айтарлықтай серпін беріп, агроөнеркәсіптік өнімділікті арттырады, экспортқа шығаратын өнім көлемін ұлғайтады. Сонымен қатар, жергілікті жұмыс күшін тарту арқылы халықты тұрақты жұмысқа орналастыруға мүмкіндік туып, ауылдық аймақтардың әлеуметтік ахуалы жақсарады.
Жоба Келес ауданының аграрлық секторының дамуына, инвестициялық әлеуетін арттыруға және өңірдің экономикасын әртараптандыруға бағытталған стратегиялық маңызды бастама болып табылады. Мұндай ірі жобалар ауыл шаруашылығын дамытумен қатар, агроөнеркәсіптік кластерлерді құруға, жаңа технологияларды енгізуге және жергілікті тұрғындардың табысын арттыруға мүмкіндік береді.
«Ecoculture–Eurasia» жылыжай кешені Келес ауданы мен Түркістан облысы үшін ауылдық инфрақұрылымды жаңарту, тұрақты экономикалық даму мен инвестициялық тартымдылықты арттыру жолында нақты әрі жүйелі қадам болып отыр. Жобаның толық іске асуы аймақтағы агроөнеркәсіптік секторды жаңғыртып, өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға, сондай-ақ ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал етеді.
Бұл жоба Түркістан облысының ауыл шаруашылығын инновациялық тұрғыда дамыту, тұрақты жұмыс орындарын ашу және аймақ экономикасына жаңа инвестициялар тарту бағытындағы нақты әрі маңызды бастамалардың бірі болып саналады.
