БӘЙДІБЕК АУДАНЫНДА ГАЗДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮЙЕЛІ ЖАЛҒАСУДА

Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Ағыбет ауылдық округіне қарасты Жұлдыз елді мекеніне табиғи газ беріліп, тұрғындар үшін маңызды әлеуметтік жоба жүзеге асырылды. Бұл бастама аудан халқының тұрмыс сапасын арттыруға және өңірдің инфрақұрылымдық дамуына бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесі болып отыр.

Елді мекенді газбен қамтуға арналған салтанатты шараға Бәйдібек ауданы әкімінің міндетін атқарушы Нұрпеис Ақбаев қатысып, тұрғындарды қуанышты сәтпен құттықтады. Ол өз сөзінде атқарылып жатқан жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған саясатының нақты көрінісі екенін атап өтті.

Сондай-ақ іс-шараға Түркістан облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Роза Сариева, аудан әкімдігінің өкілдері, жергілікті тұрғындар, жобаны жүзеге асырған мердігер мекеме өкілдері мен «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өңірлік филиалының мамандары қатысып, тұрғындарға жылы лебіздерін білдірді.

Аталған жобаны «KazBuildCo» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырды. Газ құбырының жалпы ұзындығы 10,7 шақырымды құрайды. Нәтижесінде Бәйдібек ауданындағы 50 елді мекеннің 39 елді мекені немесе 78 пайызы табиғи газбен қамтылды. Ал аудан халқының 48 221 тұрғынының 43 778-і, яғни 90,8 пайызы көгілдір отынға қол жеткізді.

Бұдан бөлек, биыл ауданда тағы 8 елді мекенде – Ақжар, Қаратас, Тұрақты, Алмалы, Қошқарата, Кеңсай, Ақтас және Шұқыршақ ауылдарында газдандыру құрылысы жүргізілуде. Бұл жобалар толық жүзеге асқан жағдайда, Бәйдібек ауданы 100 пайыз табиғи газбен қамтылатын болады.

Жұлдыз елді мекеніне табиғи газдың берілуі тұрғындардың тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, экологиялық жағдайды жақсартуға, шағын кәсіпкерлікті дамытуға және ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта аудан көлемінде инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасын табады.