Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы Түркістан облысында ауыл экономикасын дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға және ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға нақты үлес қосып келеді. Бағдарлама аясында өңірде кәсіпкерлікті қолдау, өндірісті дамыту және кооперацияны нығайту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.
2023–2025 жылдары аталған жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 30,2 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 2023 жылы – 19,8 млрд теңге, 2024 жылы – 3 млрд теңге толық игерілді. Ал 2025 жылы бөлінген 7,4 млрд теңгенің 3,5 млрд теңгесіне 401 жоба қаржыландырылды. Қаражат үш транш бойынша бөлініп, қалған 3,9 млрд теңге 2026 жылдың наурыз айының соңына дейін аудан әкімдіктерінің нақты ұсыныстары мен скрининг нәтижелеріне сәйкес толық игерілмек.
Бағдарламаның іске асырылу барысы Түркістан облысы әкімдігінде өткен мәжілісте арнайы талқыланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жобаны орындауда тек сандық көрсеткішке емес, нақты нәтиже мен сапаға басымдық беру керектігін атап өтіп, жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
– 2026 жылы «Ауыл аманаты» арқылы 15,3 млрд теңге қаражат тарту жоспарланып отыр. Бұл – жақсы көрсеткіш. Дегенмен 1 115 жобаға бар болғаны 1 400 жұмыс орны ашылуы жеткіліксіз. Қаржы алған әрбір кәсіпкер тұрақты жаңа жұмыс орындарын құруы тиіс. Осы бағыттағы жұмысты жандандырып, нақты нәтижесін талап етемін. Биыл қаржы бағытталатын ауылдық округтер мен кооперативтердің тізімі мен жоспары 1 наурызға дейін бекітілуі қажет. Бөлінген қаражат халықтың тұрмысын жақсартуға тікелей әсер етуі тиіс, – деді өңір басшысы.
Жиын барысында тиісті шараларды жеткілікті деңгейде атқармаған аудан, қала әкімдерінің есептері тыңдалып, жауапты басқармаларға, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға жұмысты күшейту тапсырылды.
«Түркістан» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы Бекжан Бисенбаевтің мәліметінше, бағдарлама аясында 6 бағыт бойынша 3 902 жобаға 26,3 млрд теңге несие берілген. Нәтижесінде өңірде шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3 902 бірлікке артты. 25 гектар аумақта 513 жылыжай кешені салынды, мал басы 74 109-ға көбейді. Сонымен қатар 39 қайта өңдеу кәсіпорны іске қосылып, 4 190 жаңа жұмыс орны ашылды. Жұмыс орындарының артуына байланысты атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 441 адамға қысқарды. Жобалар арқылы жыл сайын шамамен 30 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілуде.
Бағдарлама аясында бүгінгі таңда 4,8 млрд теңге қайтарылып, оның 4,6 млрд теңгесі қайта айналымға жіберілді. Осы қаражат есебінен 579 жаңа жоба қаржыландырылып, 600 жаңа жұмыс орны құрылды.
Сонымен қатар жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіріп, кооперативтер құруға ерекше мән берілуде. Үш жыл ішінде 103 кооперативке 2,5 млрд теңге несие берілді. Өңірде өнім өндіруден бастап, оны өңдеу және нарыққа шығаруға дейінгі толық өндірістік циклды қамтитын табысты кооперативтер қалыптасып келеді. Атап айтқанда, «Майтөбе сүт» кооперативі сүт жинау және қайта өңдеу желісін іске қосып, өнімдерін әлеуметтік мекемелерге жеткізуде. Ал «Аят-Агро.Сом» кооперативі жеміс-көкөніс өңдеу цехын кеңейтіп, өнімдерін шетел нарығына экспорттауда. Ордабасы ауданының Шұбарсу ауылында 27 жылыжай іске қосылып, жылына 580 тонна өнім өндірілуде.
Алдағы 2026–2028 жылдары «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 68,7 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Оның ішінде 2026 жылы республикалық бюджеттен 15,3 млрд теңге қаражат бөлініп, 1 115 жобаға қолдау көрсетіп, 1 400 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

