Арыс қаласында экономикалық белсенділік пен қалалық инфрақұрылымды жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қала әкімі Қайсар Маңқараевтың тапсырмасына сәйкес, «Орталық базар» аумағын ретке келтіру, жабайы сауданы жою және заманауи талаптарға сай сауда инфрақұрылымын қалыптастыру бойынша нақты іс-шаралар жоспары жүзеге асып жатыр.
Бұл бастаманың басты мақсаты – қаланың экономикалық әлеуетін арттырумен қатар, сауда мәдениетін өркендету және кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасау. Сауда орындарын біріздендіру, заңсыз сауда нүктелерін жою және қаланың сәулеттік келбетін жақсарту арқылы Арыс жаңа экономикалық тыныс алуда.
Атап айтқанда, Төле би, Майлы Қожа, Салықбаев, Байжанов және Қазыбек би көшелеріндегі ғимараттардың сыртқы қасбеттерін жаңарту, бірыңғай сәулеттік стиль қалыптастыру мәселесі қолға алынған. Бұл шаралар қаланың эстетикалық тартымдылығын арттырып қана қоймай, бизнес ортаның дамуына да оң әсерін тигізеді.
Қала әкімінің орынбасары Рысдәулет Айтбаевтың айтуынша, сәулеттік үйлесім мен тәртіпті сақтау – ортақ жауапкершілік. Ол кәсіпкерлерді өз нысандарын жаңарту ісіне белсене қатысуға шақырып, мұндай қадам қала беделін көтеріп, экономикалық айналымды ұлғайтуға ықпал ететінін атап өтті.
– Қаланың көркі мен экономикасының дамуы тікелей өзіміздің белсенділігімізге байланысты. Әр кәсіпкер өз үлесін қосса, Арыс та жаңа келбетке ие болады, – деді ол.
Алдағы уақытта «Орталық базар» аумағында кезең-кезеңімен абаттандыру, көше саудасын заңдастыру және инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстары жалғасады. Нәтижесінде, қала орталығы жаңаша сипат алып, тұрғындар мен қонақтар үшін қолайлы, заманауи әрі тартымды сауда ортасы қалыптасады деп күтілуде.
Бүгінде Арыс қаласы аймақтың экономикалық әлеуетін арттыруда маңызды қадам жасап келеді. Қаланың жаңарған келбеті мен жүйеленген сауда кеңістігі — тұрақты даму мен заманауи урбанистикалық бағыттың айқын көрінісі.
