Түркістан облысында өндірістік инфрақұрылымды дамыту, шетелдік инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Өңір экономикасын әртараптандыруға бағытталған бастамалардың қатарында Арыс қаласында бой көтеріп жатқан халықаралық деңгейдегі жаңа теміржол сервистік депосының орны ерекше. Бұл жоба өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтуге де ықпал етеді.
Бүгінде Арыс қаласында әлемдік теміржол машина жасау саласындағы жетекші компаниялардың бірі саналатын Alstom компаниясының электровоздарға қызмет көрсететін заманауи сервистік депосының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жоба халықаралық инвестициялық әріптестіктің нақты нәтижесі ретінде бағаланып отыр.
Осы маңызды нысанның құрылыс барысымен танысу мақсатында мүдделі тараптар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен арнайы таныстыру сапары ұйымдастырылды. Іс-шара барысында қатысушылар болашақ өндірістік орталықтың мүмкіндіктерімен танысып, құрылыс жұмыстарының қазіргі кезеңі жөнінде жан-жақты ақпарат алды.
Жобаның өңір үшін стратегиялық маңызы зор. Арыс қаласы еліміздің ірі теміржол тораптарының бірі ретінде көлік қатынасында ерекше орын алады. Осы артықшылықты тиімді пайдалану арқылы жаңа депо теміржол саласындағы сервистік қызметтердің сапасын арттырып, өңірдің индустриялық дамуына жаңа серпін бермек.
Салтанатты іс-шараға қатысқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жобаның өңір экономикасына оң ықпал ететінін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай ірі инвестициялық бастамалар өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамтуға және жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Франция Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың жылдан-жылға нығайып келе жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, Арыс қаласындағы сервистік депо екі мемлекет арасындағы сенімді әріптестіктің және ұзақ мерзімді инвестициялық байланыстардың жарқын көрінісі болып табылады.
Жоба Alstom компаниясы мен Қазақстан Республикасы Үкіметі арасында жасалған инвестициялық келісім аясында жүзеге асырылуда. Арыс қаласында салынып жатқан нысан республика бойынша ашылатын төрт өңірлік сервистік орталықтың бірі саналады. Болашақта бұл орталық электровоздарға техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстарын жүргізетін жоғары технологиялық өндіріс алаңына айналады.
Жаңа депо пайдалануға берілгеннен кейін ай сайын 120 локомотив секциясына дейін қызмет көрсетіп, жылдық қуаттылығы 1440 секцияға жетеді деп жоспарлануда. Бұл теміржол саласындағы техникалық қызмет көрсету сапасын арттырып, локомотивтердің үздіксіз әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сарапшылардың пікірінше, жоба іске қосылғаннан кейін еліміздің ішкі және халықаралық бағыттардағы жүк және жолаушылар тасымалының тиімділігі артады. Сонымен қатар локомотивтердің техникалық дайындығы жақсарып, теміржол инфрақұрылымының сенімділігі күшейеді.
Арыс қаласының Орта дәліз бойындағы қолайлы географиялық орналасуы жаңа нысанның маңызын одан әрі арттыра түседі. Бұл фактор өңірдің халықаралық көлік дәліздеріндегі рөлін күшейтіп, Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік хаб ретіндегі мүмкіндігін кеңейтуге жағдай жасайды.
Жоба аясында жүзеге асырылып жатқан 50 миллион еуро көлеміндегі инвестициялық бағдарлама өңірлік сервистік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Нәтижесінде республика көлемінде жүздеген жаңа жұмыс орны құрылып, техникалық мамандарды даярлау ісіне де серпін беріледі.

