Орталық Азия Инновациялық университетінде студент жастарға арналған «Заң мен тәртіп» тақырыбындағы кездесуі өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және заңға бағынушылық мәдениетін қалыптастыру болды. Кездесуге Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға жедел уәкілі Мақсат Көшербаев, Тұран аудандық полиция басқармасының ювеналды полиция тобының капитаны Серікболсын Құрманбеков, Еңбекші ауданы прокуратурасының прокуроры Шыңғысхан Мошқалов, сондай-ақ «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшы орынбасары Аружан Әлжан қатысты. Іс-шара барысында құқық қорғау органдарының өкілдері жастар арасында жиі кездесетін құқық бұзушылық түрлерін, олардың туындау себептері мен алдын алу жолдарын талқылады. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет, интернет қауіпсіздігі және жеке деректерді қорғау мәселелері де назардан тыс қалмады. – «Заңды білу – өз өміріңе және болашағыңа жауапкершілікпен қараудың көрінісі. Қазір ақпарат көп, бірақ бәрі дұрыс емес. Әр адам қандай әрекеттің заң бұзушылық екенін нақты түсініп, өз ісіне есеп беруі керек. Бұл – құқықтық мәдениеттің негізі», – деді Мақсат Көшербаев. Ол жастарды құқықтық жауапкершілікті терең түсінуге шақырды. Кездесу барысында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан нақты жауап алды. Қатысушылар қоғамдағы тәртіп пен әділдікті сақтауда әр азаматтың рөлі зор екенін атап өтті. Іс-шара соңында ұйымдастырушылар жастарға құқықтық кеңес пен ақпараттық материалдар ұсынды. Студенттер мұндай кездесулердің жиі өткізілуі олардың азаматтық жауапкершілігін арттыратынына сенім білдірді. Бұл кездесу – құқықтық сауаттылық пен құқықтық мәдениетті дамытуға арналған нақты қадам, жастарды заңға бағынуға үйрету арқылы қоғамдағы тәртіпті нығайтуға бағытталған маңызды іс-шара болып табылады.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
