Қоғам назарындағы оқиға жіті бақылауда

Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте қала әкімінің орынбасары әрі ресми өкілі Сәрсен Құранбек апта басында болған резонанстық жағдайға тоқталды. Әріптесі туралы қоғамда алып қашпа әңгімелердің айтылып жатқанына тоқталған ол қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған шабуылға қатысты мәлімдеме жасады.

Ресми өкілдің айтуынша, оқиға болған сәтте қала басшылығы, соның ішінде қала әкімі мен оның орынбасарлары, аппарат басшысы түгелдей жұмыс орнында болған. Жедел түрде полиция мен жедел жәрдем шақырылып, Руслан Берденов дереу ауруханаға жеткізілген. Қазір күдікті қолға түсіп, қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. «Әлеуметтік желілерде тараған түрлі ақпаратты нақтылау қажеттігі туындап отыр. Қала әкімдігі оқиғаның басынан аяғына дейін бақылауда ұстады. Ота аяқталғанға дейін ауруханада болдық, тек түнгі сағат екілер шамасында ғана үйімізге қайттық. Біздің мәлімдеме жасауымыздың басты себебі – тергеу ісіне әсер етпеу. Қылмыстық оқиға болған жерде өкілеттік полиция департаментіне тиесілі. Сондықтан тергеуге қатысты барлық ресми ақпарат тек құқық қорғау органдары тарапынан беріледі. Сонымен қатар, дәрігерлердің кәсіби әрі шұғыл әрекетінің нәтижесінде Руслан Берденовке дер кезінде медициналық көмек көрсетілді. Полиция департаментінің жедел әрекетін де ерекше атап өтеміз», деді Сәрсен Абайұлы.

Қала әкімдігінің ресми мәліметіне сүйенсек, бұл қылмыстың себебі туралы нақты айту ерте. Тергеу барысы мен ресми түсініктемелер тек полиция департаментінің құзырында. Қазір тергеу жалғасып жатыр. Ал қылмыстың нақты себебі анықталмаған. «Түрлі алып-қашпа әңгімелердің шындыққа жанаспайтынын айтқымыз келеді. Мүмкін күдіктінің психоэмоционалдық жағдайы бұзылған болар немесе сыртқы факторлар әсер еткен шығар. Бұл сұрақтарға тек тергеу нәтижесінде нақты жауап беріледі», деп қосты ол.

Бұдан кейін әкім орынбасары қаладағы әлеуметтік қолдау мен гранттық бағдарламалардың биылғы жоспарына тоқталды. Оның сөзінше, қазір қалада еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамту шаралары белсенді жүргізіліп келеді. Былтыр жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,5% шамасында тіркелген.

Мемлекеттік қолдау аясында 2019 жылдан бері әлеуметтік осал топтар үшін 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз гранттар бөлінген. 2023 жылы 138 адам грантты мақсатсыз жұмсағаны анықталса, былтыр бұл сан 36 адамға дейін төмендеген. Нысаналы емес мақсатта жұмсалған қаржының бір бөлігі қайтарылып, қалған сомаға жұмыс істеліп жатыр. Биыл 260 азаматқа тағы да осындай грант беру жоспарланып отыр. Бұл бағдарлама арқылы азаматтарға қаржылай көмек берумен бірге, оларды кәсіпкерлікке бейімдеп, тұрақты табыс көзін қалыптастыру көзделмек.

Сондай-ақ былтыр Шымкент қаласынан барлығы 159 отбасы еліміздің солтүстік өңірлеріне қоныс аударыпты. Қала әкімдігінің мәліметінше, олардың ешқайсысы қайта оралмаған. Ал 2025 жылдың басынан бастап тағы алты адамнан тұратын отбасы қоныс аударған. Бұл үрдіс негізінен жаз және күз мезгілдерінде күшейетіндігіне байланысты алдағы уақытта көші-қон көрсеткіші артады деп күтіледі. Осы орайда жұмыс берушілердің қатысуымен жәрмеңке өткізу де жоспарда бар. Ал биыл шаһардағы аз қамтылған 4 182 отбасындағы 22 215 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Бұл көмек көлемі 589,009 млн теңгені құраған. Соңғы жылмен салыстырғанда көмек алушылар саны 35,1%-ға азайған, бұл жұмыспен қамту шараларының нәтижелі жүргізілгенін көрсетеді.

Осылай деген ресми өкіл: «Бір жастан алты жасқа дейінгі балаларға қосымша ай сайын 1,5 АЕК, яғни 5 538 теңге мөлшерінде төлем жүргізіледі. Биыл 7 135 бала осындай қолдаумен қамтылып, 80,9 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Биылдан бастап балабақшаларға баратын балалардың тұрғылықты мекенжайы тек балабақша орналасқан жермен сәйкестендіріледі. Зерделеу нәтижесінде 4 000-нан астам баланың Шымкентте тіркеуі жоқ екені анықталып, 1 038 баланың ваучері тоқтатылды. Осыдан босаған қаражат кезекте тұрған балалар үшін қайта пайдаланылады», деді.

Сонымен қатар қалада 41 970 мүгедектігі бар азамат тіркелсе, соның ішінде 8099-ы он сегіз жасқа дейінгі балалар. Олардың 51,9%-ы оңалту бағдарламасына сәйкес қажетті құралдармен қамтамасыз етілген. Бұл мақсатта биылға бюджеттен 14,2 млрд теңге бөлінген. Зейнеткерлер саны – 97 243. Биыл 5 500 зейнеткерге санаторлық-курорттық ем қабылдау үшін тегін жолдама беріледі. Бұл үшін 865 млн теңге бөлінсе, бұған қоса, жаңадан ашылған 120 орындық орталықта жылына 3 500 зейнеткерге қызмет көрсетілмек.

Бұдан кейін Сәрсен Абайұлы биыл алғашқы жартыжылдықта 85 ардагерге мерзімді басылымдарға жазылу үшін 25,8 млн теңге бөлінгенін жеткізді. Оның айтуынша, Жеңістің 80 жылдық мерейтойына орай түрлі іс-шараға 38 млн теңге қарастырылған. Бұл қаражат тек салтанатты іс-шараларды өткізуге арналса да, ардагерлер назардан тыс қалған жоқ. Қалада тіркелген екі соғыс ардагерінің әрқайсысына 5 млн теңгеден, ал Жеңіс мейрамына орай оларға теңестірілген 166 ардагерге 176 940 теңгеден бір реттік әлеуметтік көмек көрсетілді. Бұдан бөлек, тыл еңбеккерлері мен соғыс мүгедектерінің жесірлеріне, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 58 980 теңгеден бір реттік көмек берілсе, бұл санатқа жататын 1 826 азаматқа 107,6 млн теңге бөлініп отыр. Жалпы, 1 994 ардагерге көрсетілген әлеуметтік көмектің жалпы сомасы – 147,1 млн теңге.

Қалада 9 мемлекеттік мекеме және 8 үкіметтік емес ұйым арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Алайда былтыр 1 шілдеден бастап лицензиялау тәртібі енгізілген соң, тек 4 үкіметтік емес ұйым ғана лицензия алған. Лицензиясы жоқ ұйымдармен келісімшарт жасалмайды, сондықтан қызмет алушыларды лицензиясы бар мекемелерге көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Биыл 150 орындық оңалту орталығының құрылысына 5,4 млрд теңге бөлініп, жұмыстар басталған. Сонымен қатар, психоневрологиялық ауытқулары бар адамдарға арналған қосымша 50 орындық ғимарат салынып жатыр. Ал 1-4 сынып оқушылары толықтай тегін ыстық тамақпен қамтылған. Биыл жалпы 132 392 оқушыға 13,5 млрд теңге бөлінсе, аз қамтылған отбасылардың 5-11 сыныптағы 1 967 баласына 3,59 млрд теңге қарастырылған. «Мектепке жол» акциясы аясында 56 430 оқушыға мектеп формасы үшін 2,62 млрд теңге бөлінсе, жыл сайын 9 000 бала жазғы лагерлерге тегін жіберіледі.

Жалған ақпарат және қоғамдық сана туралы айтқан ресми өкіл журналистер мен әлеуметтік желі қолданушыларына жалған ақпарат таратпауға тағы шақырды. Өйткені, Мәдениет басқармасын сынаған кейбір мәліметтердің шындыққа жанаспайтыны белгілі болған. Егер сұрақ туындаса, әкімдікке ресми түрде жүгінуге болатынын айтқан Сәрсен Құранбек қоғам қауіпсіздігі тек әкімдіктің емес, қоғам жауапкершілігіне де байланысты екенін жеткізді. Мәселен, қоғамда жиі айтылатын люктарды ұрлау фактілеріне тұрғындардың сауаттылығы жетіспейді. Өйткені өзі қолды қылған люктың тесігіне ертең өз жақыны түсіп кетуі ықтимал. Сондықтан мін іздеуден бұрын тұрғындардың жауапсыздығына бей-жай қарамай, ұрлық үстіндегі фактілерді де тиісті орындарға хабарлау қажет. Сондай-ақ шомылу маусымы алдында қалада 5 рұқсат етілген, 13 тыйым салынған су айдыны белгіленгені тағы құлағдар етілді. «Сақтықта қорлық жоқ» демекші, былтыр екі жазатайым оқиға тіркелді, оның бірі – бала өлімі. Сол үшін биыл қалада шомылуға тыйым салынған аймақтар санын 30-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Жадыра МҮСІЛІМ, «Шымкент келбеті»