ШЫМКЕНТТІҢ ҚЫСҚЫ КЕЛБЕТІН АЙШЫҚТАЙТЫН ЖАҢА ДЕМАЛЫС АЙДЫНДАРЫ АШЫЛДЫ

Шымкент қыс мезгілінде ерекше көрік алып, тұрғындарға қуатты энергия мен жарқын көңіл-күй сыйлайтын жаңа демалыс орындарымен толыға түсуде. Қала инфрақұрылымын дамыту бағытында қолға алынған бастамалардың бірі – ашық мұз айдындарын көбейту. Осы аптада Астана алаңында алғаш рет ашық аспан астындағы үлкен мұз айдыны іске қосылған болатын. Бұл – қала тарихындағы маңызды жаңалықтардың бірі. Ал бүгін мегаполис тұрғындары мен қала қонақтары үшін тағы екі жаңа мұз аренасы ресми түрде ашылды. Жаңа айдындардың бірі Астана алаңында орналасса, екіншісі – қаланың мәдениет пен спорт орталығы саналатын «Мұз сарайының» жанынан орын тепкен. Сонымен қатар, жақын күндері Арбат маңында тағы бір мұз айдынын ашу жоспарлануда. Бұл – қаладағы қысқы демалыс мәдениетін кеңейтуге, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасауға бағытталған кешенді жұмыстардың жалғасы. Қала әкімінің тапсырмасымен жүзеге асып жатқан бұл бастама мегаполистің қысқы келбетін ерекше сәнмен толықтырып қана қоймай, тұрғындарға қауіпсіз әрі қолжетімді демалыс ұсынуды көздейді. Жайлы демалыс аймақтарын құру – Шымкенттің заманауи мегаполис ретінде қалыптасуының бір бөлігі. Қала тек жазда емес, қыс мезгілінде де туристер мен тұрғындар үшін қызықты, белсенді және тартымды болуы тиіс. Барлық мұз айдындары қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келеді. Мұздың сапасы жоғары деңгейде дайындалған, заманауи жарықтандыру жүйесі орнатылған, демалыс аймақтары мен коньки жалға беру орындары толық жабдықталған. Өз конькиімен келгендер үшін сырғанау тегін. Ал конькисіз келгендерге қолжетімді бағада жалға алу мүмкіндігі қарастырылған. Жобаның жүзеге асуы Шымкенттің тек экономикалық емес, әлеуметтік-мәдени тұрғыда да тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді. Қысқы демалысқа арналған мұндай инфрақұрылым қаланың өмір сүру сапасын арттырып, тұрғындардың денсаулыққа пайдалы белсенді өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді. Қала билігі барлық келушілерді қауіпсіздік ережелерін сақтауға, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарауға шақырады. Әрбір тұрғынның жауапкершілігі – ортақ игілікті ұзақ уақыт сақтауға арналған маңызды қадам. Шымкент – дамуы қарқынды, келбеті күн сайын көркейіп келе жатқан заманауи мегаполис. Ал жаңа мұз айдындарының ашылуы – осы өсіп-өркендеу жолындағы кезекті жарқын бастама.