ШЫМКЕНТТЕ ҚАЛАЛЫҚ КӨЛІК ЖҮЙЕСІ ЖАҢАРЫП, ЖАҢА БАЛАМА БАҒЫТТАР ҚАЛЫПТАСУДА

Шымкент қаласында көлік инфрақұрылымын жаңғырту және тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысын қамтамасыз ету мақсатындағы ірі жол-құрылыс жобалары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде Қазиев көшесінің жалғасын салу жұмыстары қаладағы ең маңызды инфрақұрылымдық бастамалардың біріне айналды. Бүгінде Арғынбеков көшесінен бастап Төлеметов көшесіне дейін жалғасатын жаңа жолдың құрылысы қарқынды түрде жүріп жатыр. Ұзындығы 1,7 шақырым болатын бұл көше төрт жолақты болып салынуда. Жобаны толық аяқтау 2026 жылға жоспарланған. Қазіргі уақытта нысанда асфальт төсеу жұмыстары белсенді жүргізілуде, құрылыс барысы тұрақты бақылауда. Қазиев көшесінің Төлеметов көшесіне дейін ұзартылуы қала ішіндегі маңызды көлік артериясын қалыптастырады. Жоба іске қосылған соң Өтегенов көшесі мен Бәйдібек би даңғылының жүктемесін азайтуға арналған жаңа балама бағыт пайда болады. Бұл – қаладағы қозғалыс қарқынын реттеп, кептелістерді айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Жаңа жолдың ашылуы әсіресе Ақжайық және Шымсити шағынаудандарының тұрғындары үшін үлкен қолайлылық әкелмек. Бұған дейін қаланың орталық бөліктеріне негізінен Өтегенов көшесі арқылы қатынаса алатын халық енді Қазиев көшесінің жаңа бөлігі арқылы еркін әрі жылдам жететін болады. Бұл шағынаудандар арасындағы көлік байланысын күшейтіп қана қоймай, тұрғындардың уақытын үнемдеуге де елеулі әсер етеді. Қала әкімдігі жол инфрақұрылымын кеңейту мен жаңғырту арқылы Шымкентті заманауи, қолайлы әрі қауіпсіз мегаполиске айналдыру бағытында нақты қадамдар жасауда. Қазиев көшесінің жалғасы – алдағы уақытта жүзеге асатын жаңа көлік жобаларының құрамдас бөлігі. Бұл бастамалар қаланың бірқалыпты дамуына, көлік логистикасын жақсартуға және тұрғындарға барынша ыңғайлы орта қалыптастыруға бағытталған.