Шымкент қаласында агроөнеркәсіптік саланы дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында маңызды қадам жасалды. Мәртөбе тұрғын алабында Польшаның «Fabe-Agro» компаниясының инвестициясымен 137 миллион АҚШ долларлық жылыжай кешенінің құрылысы басталды. Жобаның басталуына арналған капсула салу рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, оның маңыздылығын ерекше атап өтті. Жылыжай кешенінің жалпы алаңы – 144 гектар. Қазіргі таңда нысанға қажетті инфрақұрылым желілерін жеткізу жұмыстары қолға алынған. Жоба іске қосылған соң жылына 36 мың тонна көкөніс өнімін өндіру жоспарланып отыр, бұл 1000-ға жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бұл көрсеткіштер қаладағы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың, сондай-ақ тұрғындардың сапалы және қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етілуінің нақты көрінісі болып табылады. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жобаның Шымкенттің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін күшейтуге қосатын үлесін атап өтті. «Жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашатын инвесторларды қолдау жалғасады. Бұл – Мемлекет басшысының қала мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты тапсырмаларын іске асырудың нақты көрінісі», – деді Ғ.Сыздықбеков. Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Талғат Мекамбаев жобаның өңірдің агросаласына берер тиімділігін түсіндірді. Жылыжайда заманауи технологиялар енгізіліп, өнімнің сапасы жоғары деңгейде қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде бағаның тұрақталуына ықпал етіп, тұрғындарға сапалы көкөністі жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жобаның жүзеге асуы қаладағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайтып, жұмыссыздық деңгейін азайтуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған қоғамдық-саяси шаралардың бірі болып саналады. Айта кетейік, қазіргі таңда еліміздегі ірі жылыжай кешендерінің жартысынан астамы Шымкент қаласына тиесілі. Бұл қала агроөнеркәсіптік саланы дамыту арқылы өңірлік және республикалық деңгейде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жаңа инвестицияларды тарту және тұрғындарға тұрақты әлеуметтік-экономикалық жағдай жасау бойынша жүйелі саясат жүргізіп жатқанын көрсетеді. Шымкент қаласында іске асып жатқан жылыжай жобасы – Мемлекет басшысының қала мен өңірдің дамуына қатысты тапсырмаларын орындау, агроөнеркәсіптік әлеуетті арттыру, қоғамдық-саяси бағыттағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатындағы маңызды бастама.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
