ШЫМКЕНТТЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ІСКЕРЛІК ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ҚАЛАНЫҢ ДАМУЫНА СЕРПІН БЕРЕДІ

Шымкент қаласында Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы іскерлік ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бизнес-форум өтті. Іс-шараға екі елдің кәсіпкерлері қатысып, сауда, инвестиция, логистика, ауыл шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады. Форумның салтанатты ашылуында Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин сөз сөйлеп, қатысушыларды құттықтады. Министр екі ел арасындағы сауда-экономикалық серіктестіктің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. – «Қазақстан Үкіметі атынан барша меймандарды және Ауғанстаннан келген кәсіпкерлерді елімізде көргенімізге қуаныштымыз. Екі ел арасындағы қарым-қатынастар жылдан-жылға артып келеді. Ауғанстан – Қазақстанның Оңтүстік Азиядағы маңызды серіктестерінің бірі және біздің өңірлік саясатымызда стратегиялық маңызы бар мемлекет. Біз өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге зор мән береміз», – деді министр. Серік Жұманғарин соңғы жылдардағы сауда көрсеткіштеріне де тоқталып, 2023 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 545 миллион АҚШ долларын, ал биыл алғашқы сегіз айдың қорытындысында бұл көрсеткіш 280 миллион долларға жеткенін жеткізді. Сонымен қатар, кейбір өнімдер бойынша аздаған төмендеу болса да, биыл бидай экспорты 2,9 есеге, ал мұнай өнімдері мен көлік құралдары экспорты 100 пайызға дейін артқан. Министр Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін, соның ішінде бидай, күріш, қант сияқты негізгі тауарларды Ауғанстан нарығына жеткізуді ұлғайтуға мүдделі екенін атап өтті. Экспорттық бағыттарды кеңейту үшін Бейнеу логистикалық терминалының әлеуетін пайдалану ұсынылды. Сонымен қатар, өнеркәсіп пен көлік саласында бірлескен жобалар қолға алынатыны айтылды. Бұл іс-шара Шымкент қаласының аумақты дамыту жоспары мен Мемлекет басшысының экономикалық даму және өңірлік интеграцияны арттыру тапсырмаларының нақты көрінісі болып табылады. Қала экономикасына инвестиция тарту, халықаралық серіктестікті күшейту және логистикалық әлеуетті тиімді пайдалану арқылы Шымкент Оңтүстік өңірдің сауда-экономикалық хабы ретінде дамуын жалғастырады. Форум аясында ұсынылған жобалар мен келісімдер қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және инвестициялық белсенділікті арттыруға бағытталған нақты қадамдар болып табылады. Осылайша, Шымкент қаласы мемлекеттік тапсырмалар мен аумақты дамыту стратегияларын жүзеге асыру арқылы халықаралық деңгейде серіктестік орнату және экономикалық дамуға үлес қосу мүмкіндігін арттыруда.