Шымкент қаласында Франция Республикасының Құрметті консулдығының ресми ашылу салтанаты өтті. Бұл – өңірдің экономикасын дамыту, халықаралық байланыстарды кеңейту және мәдени-гуманитарлық әріптестікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Іс-шараға қала кәсіпкерлері, бизнес қауымдастық өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері қатысты. Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова консулдықтың ашылуы өңір үшін стратегиялық маңызы бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, Франциямен мәдениет, әдебиет, туризм және бизнес саласындағы бірлескен жобалар бұрыннан бар, ал жаңа консулдық сол байланыстарды одан әрі күшейтеді. — Бұл Шымкент үшін өте маңызды оқиға. Франциядан ірі брендтердің, танымал компаниялардың қаламызға қызығушылық танытуы – жаңа мүмкіндіктердің бастамасы. Француз кәсіпкерлері Шымкентте бизнес ашуға дайын екенін жеткізді. Бұл – өңір экономикасына оң әсер ететін үлкен қадам, — деді ол. Жаңа консулдықтың ашылуы Шымкенттің халықаралық аренадағы беделін арттырып қана қоймай, қаланың инвестициялық тартымдылығын күшейтеді. Француз компанияларының қатысуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті өндіріс пен қызмет көрсету салаларын дамытуға мүмкіндік береді. Бұл, өз кезегінде, қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді. Сондай-ақ, мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық та жаңа деңгейге көтеріледі. Франциядан келген тәжірибелі мамандар мен мәдениет қайраткерлерінің қатысуымен бірлескен жобалар, көрмелер, оқу бағдарламалары және шығармашылық шаралар жүзеге асырылмақ. Бұл қаланың мәдени өмірін байытып, Шымкент тұрғындарының білім мен мәдени деңгейін көтеруге мүмкіндік береді. Ашылған консулдық – Шымкенттің халықаралық байланыстарын нығайту және экономикалық даму стратегиясын іске асырудағы маңызды серпін болып табылады. Бұл қадам қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға, кәсіпкерлік әлеуетін кеңейтуге және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты іс-шара ретінде есте қалады.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
