Шымкент қаласында Мемлекет басшысының өңірлердің туристік әлеуетін арттыру, қала экономикасын әртараптандыру және жаңа инвестициялық жобаларды қолдау жөніндегі тапсырмалары аясында ауқымды бастамалар жүзеге асуда. Соның бірі – «OMIR SHYMKENT» этно-глэмпинг туристік кешенінің құрылысы. Жоба бекітілген жоспарға сәйкес қарқынды жүргізіліп жатыр. Қала аумағын дамыту тұжырымдамасында ерекше орын алатын бұл кешен Шымкенттің туристік тартымдылығын арттырып қана қоймай, этнотуризм бағытында жаңа бренд қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жоба ұлттық мәдениетті туризм саласымен ұштастыра отырып, заманауи демалыс форматтарын ұсынуды көздейді. Кешен аумағында 38 глэмпинг үйі мен 18 капсулалық үйлер салынады. Сондай-ақ келушілердің толыққанды демалуына арналған мейрамхана, SPA-бассейн, спорттық алаң, амфитеатр, ұлттық ат туризміне арналған жылқы ұстау аймағы мен шарап дайындау алаңы қарастырылған. Мұндай инфрақұрылым тек туристер үшін ғана емес, жергілікті тұрғындар үшін де қолайлы әрі сапалы демалыс кеңістігін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жобаның бірінші кезеңін 2026 жылдың наурыз айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Кешен іске қосылғаннан кейін Шымкент қаласының жаңа туристік тартылыс орталықтарының біріне айналып, өңір экономикасына қосымша серпін береді. Инвестиция көлемінің артуы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы және сервистік инфрақұрылымның кеңеюі қала дамуының стратегиялық мақсаттарымен толық үйлеседі. «OMIR SHYMKENT» этно-глэмпинг кешені – Шымкенттің заманауи туризм индустриясын қалыптастыруына бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Бұл жоба Мемлекет басшысының өңірлік экономикаға жаңа драйверлер енгізу жөніндегі тапсырмаларын жүйелі орындаудың нақты нәтижесі болып табылады.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
