Бүгін Шымкент қаласындағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінде «Азаттық таңын аңсаған Алаш арыстары» тақырыбында ұлт руханияты мен тарихи тағылымды арқау еткен мазмұнды кездесу өтті.
Тағылымды жиынның басты мақсаты – ел азаттығы жолында ғұмырын арнаған Алаш қайраткерлерінің асыл мұрасын насихаттап, өскелең ұрпақтың тарихи танымын тереңдету, ұлттық құндылықтар мен елдік рухты дәріптеу.
Кездесуге зиялы қауым өкілдері, этномәдени бірлестіктер жанындағы жастар, студенттер мен қоғам белсенділері қатысып, ұлт тарихындағы күрделі кезеңдер мен Алаш арыстарының тағдырлы жолы туралы ой өрбітті.
Жиын барысында Шымкент қалалық музейлер бірлестігінің “Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі” бөлімінің басшысы Біржан Әбдіманатұлы Әбдіқали, Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің “Тәрбие жұмысы және жастар саясаты” департаментінің басшысы, Шымкент қаласы ҚХА жанындағы Ғылыми-сарапшылық топтың жетекшісі Қайрат Сапарханұлы Анарбаев, Muzbalak.kz сайтының редакторы, журналист Базаркүл Ақынқызы Қалбыр және Ассамблея жастарының өкілдері баяндама жасап, Алаш идеясының өміршеңдігі мен ұлттық бірегейлікті сақтаудағы маңызына тоқталды.
Кездесу соңында қатысушылар пікір алмасып, ел тарихындағы тағылымды кезеңдер мен ұлт руханияты төңірегінде мазмұнды ой бөлісті.
