Қазақстанның әлеуметтік саясатының басты мақсаты – әрбір азаматтың құқықтары мен мүмкіндіктерін тең қамтамасыз ету, олардың қоғамдағы әлеуетін арттыру және өмір сапасын жақсарту. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында әлеуметтік теңдік пен азаматтардың әлеуметтік бейімделуіне ерекше көңіл бөлінуде. Сол бағыттағы нақты қадамдардың бірі – пробация қызметі есебінде тұрған азаматтарды қоғамға бейімдеу және жұмыспен қамтамасыз ету. Шымкент қаласында бұл мақсатта Еңбек мобильділігі орталығының бастамасымен «Жұмыспен қамту бұрышы» атты пилоттық жоба іске қосылды. Жоба аясында қаланың әр ауданындағы Мансап орталығының мамандары пробация қызметімен тығыз байланыста жұмыс істеп, есепте тұрған азаматтарға жұмысқа орналасудың мемлекеттік шараларын түсіндіруде. Бұл – азаматтарды әлеуметтік тұрғыдан қолдап, құқық бұзушылықтың алдын алу мен қоғамға қайта қосу жолындағы маңызды бастама. Биыл пробация есебіндегі 76 азаматты жұмыспен қамту жоспарланса, қазіргі таңда оның 44-і тұрақты еңбекке орналастырылды. Сонымен қатар, бас бостандығынан босап шыққан 51 азаматтың 13-і жұмысқа жолданды. «Жұмыспен қамту бұрышы» жобасы арқылы азаматтар Enbek.kz порталының мүмкіндіктерімен танысып, кәсіби оқыту, қоғамдық жұмыстар, жастар практикасы және кәсіпкерлік негіздерінде алғашқы тәжірибе алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл бастама – әлеуметтік әділеттілікті нығайту, әрбір азаматқа тең мүмкіндік беру және олардың өмірін жаңа арнаға бұру жолындағы нақты қадам. Пробация қызметіндегі азаматтардың тұрақты еңбекке қосылуы олардың әлеуметтік мәртебесін арттырып қана қоймай, қала экономикасына да оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар, мұндай жобалар қоғамдағы сенім мен тәртіпті нығайтып, қаланың әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуге үлес қосады. Шымкент қаласында «Жұмыспен қамту бұрышы» жобасы алдағы уақытта да дамып, пробация есебіндегі азаматтардың өмірін әлеуметтік тұрғыдан қолдауға, олардың кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге және халықтың жалпы әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты қадам болып қала бермек.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
