Шымкентте имамдар, теологтар және мемлекеттік сектор мамандарының біліктілігін арттыруға арналған оқыту курсы өтті

Шымкент қаласында 27–29 тамыз аралығында М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің бас ғимаратында өңір имамдары, теологтар, аудан әкімдігінің қызметкерлері, білім және спорт саласының мамандары қатысқан үш күндік оқыту курсы ұйымдастырылды.

Бұл бастама дін саласындағы мамандардың ғана емес, мемлекеттік сектор қызметкерлерінің де біліктілігін арттыруды көздеді. Өйткені діни экстремизмнің алдын алу – тек дін өкілдерінің емес, бүкіл қоғам мен мемлекеттік институттардың ортақ міндеті.

Шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істер комитетінің өкілдері, республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының (РАТТ) мүшелері, жоғары оқу орындарының ғалымдары мен тәжірибелі теологтар дәріскер ретінде қатысты. Олар қатысушыларға экстремизмге қарсы күрестің түрлі қырларын ашып көрсетті.

Алғашқы күн – экстремизмнің алдын алу және халықаралық тәжірибе

27 тамызда өткен алғашқы дәрістерде интернет кеңістіктегі діни экстремизмнің алдын алу тақырыбы көтерілді. ҚР Дін істер комитетінің басқарма басшысы Жапал Әмзебекұлы радикалды ағымдардың ықпалынан қорғау тәсілдерін түсіндірсе, басқарма басшысы Нұрғали Бердіқұлұлы діни сараптаманың ерекшеліктеріне тоқталды.

PhD доктор, халықаралық құқық маманы Ермек Бекбосынов экстремизммен күрестің құқықтық негіздерін әлемдік тәжірибе арқылы баяндады. Ал «SAPSAN» стратегиялық орталығының сарапшылары Жандәулет Сүлейменов пен Дінмұхамед Тойғылы діни секьюритизация мен қауіпсіздіктің тәжірибелік тетіктерін ұсынды.

Бұл бағыттағы дәрістерге имамдармен бірге аудан әкімдіктерінің қызметкерлері, білім беру ұйымдарының өкілдері мен спорт саласының мамандары да қатысып, қоғамдағы діни тұрақтылықты сақтауда мемлекеттік сектордың рөлін айқындады.

Екінші күн – діни секьюритизация және тәжірибелік бағыт

28 тамыз күні курс сабақтары ұлттық қауіпсіздік пен діни саясатқа арналды. «SAPSAN» стратегиялық орталығының директоры Жандәулет Сүлейменов ұлттық қауіпсіздіктегі діни секьюритизацияны кеңінен талдап берді.

Теолог Дінмұхамед Тойғылы деструктивті ағымдардың ықпалына қарсы тұрудың практикалық тәсілдерін түсіндірді. Сондай-ақ, Халықаралық құқық мамандығы бойынша философия докторы (Ph.D) Ермек Бекбосынов экстремизмге қарсы күрестің құқықтық механизмдерін саралады.

М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің саясаттану кафедрасының меңгерушісі философия ғылымдарының кандидаты Сәкен Мажінбеков діни қауіпсіздік пен ұлттық идеология байланысын ғылыми тұрғыда талдаса, белгілі дінтанушы, РАТТ мүшесі Нұр-Мүбарак университетінде PhD доктор, қаумдастырылған профессоры Алау Әділбаев тәжірибелік ойларымен бөлісті.

Бұл күні білім және спорт саласының өкілдері жастар ортасында ақпараттық жұмысты қалай тиімді жүргізу керектігі туралы өз тәжірибелерімен пікір алмасты.

Үшінші күн – тәжірибелік сабақтар мен қорытынды пікірталас

29 тамызда оқыту курсы тәжірибелік сабақтармен жалғасты. Қатысушылар алған білімдерін талқылап, пікірталас алаңында ой бөлісті.

Саясаттанушы Сәкен Мажінбеков ұлттық қауіпсіздікке қатысты ғылыми тұжырымдарын ұсынса, Нұр-Мүбарак университетінде PhD доктор, қаумдастырылған профессоры Алау Әділбаев Қазақ халқы және ислам өркениет нақты мысалдармен түсіндірді. Ермек Бекбосынов экстремизмге қарсы халықаралық-құқықтық тәжірибені қорытындылады.

Мемлекеттік сектордан келген мамандар – аудан әкімдігінің, білім беру мекемелерінің және спорт саласының өкілдері – діни тұрақтылық пен жастар арасындағы түсіндіру жұмыстарының өз салаларында да аса маңызды екенін атап өтті.

Қорытынды

Үш күндік ауқымды шара барысында қатысушылар діни экстремизмнің алдын алу, интернеттегі қауіпсіздік, ұлттық идеологияны нығайту және жастармен жұмысты күшейту бағытында құнды білім мен тәжірибе жинақтады.

Бұл оқыту курсының басты ерекшелігі – дін саласының мамандарымен қатар мемлекеттік сектор өкілдерінің қатысуы болды. Яғни, діни тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек дін қызметкерлерінің ғана емес, бүкіл қоғам мен мемлекеттік құрылымдардың ортақ міндеті екені айқындалды.

Осылайша, Шымкентте өткен үш күндік оқыту бағдарламасы өңірлік ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының сапасын жаңа деңгейге көтеріп, имамдар мен теологтардың ғана емес, мемлекеттік сектор мамандарының да кәсіби біліктілігін арттыруға жол ашты.