Шымкент қаласы үшін халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету – ең басты стратегиялық міндеттердің бірі. 2025 жылдың үшінші тоқсанындағы мәліметтерге сәйкес, қаладағы жұмыссыздар саны 22 370 адамды құрап, жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызды көрсеткен. Бұл көрсеткішті төмендету және еңбек нарығын тұрақтандыру мақсатында биыл қалада жүйелі жұмыстар жүргізілді. Жоспар бойынша 49 655 азамат жұмыспен қамту шараларына қатысуы керек еді, алайда 1 желтоқсандағы мәлімет бойынша 51 261 адам қамтылып, жоспар 103,2 пайызға орындалды. Бұл – Шымкент билігінің халықты әлеуметтік қорғау және еңбек нарығын дамыту бойынша тиімді жұмыс жасап жатқанын көрсететін нақты дерек. Жұмыспен қамту шаралары аясында кәсіби білім беру бағытына ерекше көңіл бөлінді. Осы жылдың қорытындысы бойынша: 4 545 тұрғын кәсіби оқытуға жіберілді. Жұмыс берушілер базасында оқытуға 160 адам, білім беру ұйымдарында оқытуға 600 адам бағытталды, Онлайн оқыту порталында 3 657 адам білім алды; Ваучерлік жүйе арқылы 128 адам оқытылды; Кәсіпкерлікті дамыту бағдарламалары аясында 3 127 тұрғын қолдау алды, оның ішінде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 2 696 адам кәсіпкерлік негіздерге оқытылды, 431 азамат гранттық қолдау алды. Сонымен қатар, тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бағытында, Субсидияланатын жұмыс орындары бойынша 5 308 адам жұмысқа жолданды, Әлеуметтік жұмыс орындарына 109 адам тартылды, Жастар практикасына 1 719 адам қатысса, ақылы қоғамдық жұмыстарға 2 643 адам жұмылдырылды, «Алғашқы жұмыс орындары» жобасына – 364, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына – 8, «Күміс жас» жобасына – 464 адам қатысты, Бос жұмыс орындары арқылы 10 500 тұрғын тұрақты жұмысқа орналасты. Шымкент қаласының 2021–2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, жаңа жұмыс орындарын құру бағытында 21 830 орын көзделген болса, есепті кезеңде бұл көрсеткіш 27 781 жаңа жұмыс орнына жетіп, жоспар артығымен орындалды. Бұл – қаланың әлеуметтік саясатындағы тиімділіктің көрінісі, сондай-ақ тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам. Жұмыспен қамтудың осындай нәтижелі жүргізілуі тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ғана емес, қоғамдық сананы жаңартуға да септігін тигізеді. Жастар практикасы, кәсіпкерлікті дамыту жобалары мен кәсіби оқыту арқылы қала тұрғындары өз біліктілігін арттырып, еңбекке белсенді қатысуға мүмкіндік алады. Бұл – тек экономикалық өсім ғана емес, сонымен бірге қоғамның әлеуметтік мәдениетін, өз мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға деген сенімін күшейтетін маңызды фактор.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
