Шымкент қаласының цифрлық дамуы мен тұрғындардың интернетке қолжетімділігін арттыру бағытында маңызды қадам жасалды. «Freedom Telecom» компаниясы кабель тартуды қажет етпейтін, жоғары жылдамдықты FWA (Fixed Wireless Access) интернет қызметін ресми түрде іске қосты. Бұл технология әсіресе бұрын техникалық немесе экономикалық жағынан қиындық туғызған аудандар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Орталық саябақтағы «Шахматшылар үйінде» ұйымдастырылған брифингте компания мамандары, Шымкент қалалық Цифрландыру басқармасының өкілдері және БАҚ өкілдері қатысып, қызметтің ерекшеліктері мен артықшылықтары таныстырылды. «Шымкент – еліміздің ең жылдам дамып келе жатқан мегаполистерінің бірі. FWA қызметі үйлерге, бизнес нысандарына, мектептер мен әлеуметтік мекемелерге жоғары жылдамдықтағы интернет жеткізетін болады», – деді «Freedom Telecom» бас директоры Қайрат Ахметов. Шымкент қалалық Цифрландыру басқармасы басшысының айтуынша, жаңа байланыс стандарты тек интернет жылдамдығын арттырып қана қоймай, смарт-қала жобалары мен жасанды интеллекті енгізу бағытындағы цифрлық шешімдерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Соның арқасында қаладағы цифрлық инфрақұрылым айтарлықтай дамып, тұрғындардың қызметтерге қолжетімділігі артады. Қала аумағында мобильді байланыс әлсіз қабылданатын 147 аумақ анықталған болатын. Арнайы жол картасы бойынша жүргізілген жұмыстар нәтижесінде бұл көрсеткіш 11-ге дейін қысқарды. Сонымен қатар, биыл өңірде 23 елдімекенде интернет инфрақұрылымын жақсарту жоспары бар, оның 15-інде жұмыстар аяқталып, тұрғындарға толыққанды жоғары жылдамдықтағы интернет қамтамасыз етілді. Қалған сегіз елдімекенде жұмыстар жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Бұл бастамалар – Шымкент қаласының 2025–2029 жылдарға арналған «Аумақтарды дамыту жоспарының» нақты орындалуының көрінісі. Жобалар қала тұрғындарының ақпараттық қауіпсіздігі мен өмір сапасын арттыруға, бизнестің цифрлық мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ білім беру мен әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін жақсартуға бағытталған. Шымкенттегі жаңа FWA интернет қызметі қаланы заманауи технологиялар арқылы дамытудың маңызды кезеңі болып, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының талаптарын толықтай іске асыруға үлес қосып отыр.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
