Шымкент қаласында қала әкімдігі мен кәсіпкерлік субъектілері арасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және инфляцияны тежеу бағытында өзара ынтымақтастық туралы 100-ден астам меморандумға қол қойылды. Бұл бастама қаланың қоғамдық-саяси бағытын іске асыру, тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз ету және азық-түлік қауіпсіздігін нығайту бойынша жүйелі саясаттың бір көрінісі болып отыр. Меморандумдарға ірі сауда желілері, соның ішінде «Грамад» және «F-Mart», қаладағы азық-түлік базарлары, ұн, ет, сүт, жұмыртқа, нан-тоқаш сияқты негізгі өнім өндірушілер, сондай-ақ көтерме жеткізушілер қосылды. Қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімовтың айтуынша, бұл келісімдер бір реттік шара емес, әкімдік пен кәсіпкерлік қоғамдастығы бірлесіп жүргізіп отырған тұрақты жұмыстың жалғасы болып табылады. «Бизнес жоғары әлеуметтік жауапкершілігін көрсетіп келеді. Бүгін біз тағы да бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенімізді растадық. Біздің ортақ міндетіміз – қала тұрғындарын тұрақты бағамен, ашық нарықпен және негізгі өнімдермен қамтамасыз ету. Мұндай келісімдер нақты әсер беріп, азық-түлік нарығындағы кез келген құбылысты дер кезінде бақылауға, әрекет етуге мүмкіндік береді», – деді А.Кәрімов. Қол қойылған меморандумдар делдалдық тізбектерді қысқарту, бағаны негізсіз өсірмеу және инфляцияны төмендетуге бағытталған нақты шараларды қамтиды. Бұл бастамалар қаланың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге, тұрғындардың күнделікті өмір сапасын жақсартуға және қоғамдық-саяси тұрақтылықты нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар, қала әкімдігі бағаларды тұрақты бақылауда ұстау үшін күнделікті мониторинг жүргізіп, жағдайды кәсіпкерлермен бірлесіп реттейді. Бұл шаралар Шымкент қаласының қоғамдық-саяси бағытын іске асырудағы нақты қадам болып табылады, тұрғындардың әлеуметтік сенімін арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экономикалық тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді. Осылайша, меморандумдарға қол қою Шымкент қаласындағы кәсіпкерлік қоғамдастық пен әкімдік арасындағы тиімді өзара әрекеттестік пен тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыс ретінде қоғам үшін нақты пайда әкеліп отыр.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
