Шымкент қаласында тұрғындардың пікірін басқару үдерісіне тікелей енгізуге бағытталған жаңа жоба іске қосылды. Бұл бастама – қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің халықпен ашық диалог орнату және қоғамның қатысуын арттыру бағытын жүйелі түрде жүзеге асыруға арналған маңызды қадамы. Әкімнің бастамасымен іске қосылған «Шымкентті дамытуға халықтың үлесі» жобасы әрбір азаматқа қаланың дамуына қатысты өз ойы мен ұсынысын еркін түрде жеткізуге мүмкіндік береді. Бұған дейін қала әкімі халықпен кездесулер барысында, шаһар көшелерін аралау кезінде немесе түрлі қоғамдық алаңдардағы кездесулерде тұрғындардан көптеген ұсыныстар мен өтініштер қабылдап келген. Енді осы ұсыныстар арнайы жүйе арқылы жинақталып, құрылымды түрде қаралатын болады. Жобаның негізгі ерекшелігі – QR-код арқылы ұсыныс жолдау жүйесінің енгізілуі. Алдағы уақытта қоғамдық орындарға, аялдамаларға, автобустардың ішіне және халық көп шоғырланатын орындарға арнайы QR-кодтар орналастырылады. Тұрғындар смартфон арқылы кодты сканерлеп, қаланың дамуына қатысты өз ұсыныстарын бірнеше минут ішінде жолдай алады. Бұл әдіс тұрғындар үшін де, әкімдік үшін де ыңғайлы: азаматтар пікірін жылдам жеткізсе, жауапты органдар ұсыныстарды жүйелі түрде талдап, нақты бағыттар бойынша жұмыс істей алады. Әкім Ғабит Әбдімәжитұлының сөзінше, жоба тұрғындарды қала дамуына белсенді қатысуға ынталандыруды көздейді. Әрбір жолданған ұсыныс мазмұнына қарай сарапталып, қала өмірін жақсартуға ықпал ететін маңызды бастамалар нақты түрде жүзеге асырылады. Бұл – қаланы бірге дамыту қағидатын қолдайтын, әрбір азаматтың пікірінің құндылығын көрсететін бастама. Жоба әкімдік пен тұрғындар арасындағы ашық байланысты нығайтып, қаланы басқаруда жаңа деңгейдегі серіктестік мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Шымкент күн сайын өсіп келе жатқан заманауи мегаполис ретінде инфрақұрылымды дамыту, көлік қозғалысын реттеу, қоғамдық кеңістіктерді жақсарту сияқты бағыттарда тұрғындардың пікіріне мұқтаж. Ашық диалог жүйесі арқылы қаладағы көше мен аула мәселелері жылдам анықталып, қоғам үшін маңызды жобаларды іске асыруға қажетті нақты ұсыныстар ескеріледі. Сонымен қатар, бұл бастама тұрғындардың жауапкершілігін арттырып, олардың қала тағдырына белсенді араласуына жол ашады. Қаланың стратегиялық дамуы тек әкімдік жұмысына емес, азаматтардың өз үлесіне де байланысты екенін көрсетеді. Шымкент әкімдігі жобаны қаланың болашағын бірге қалыптастыруға мүмкіндік беретін ортақ іс деп бағалайды. Тұрғындардан түсетін ұсыныстарды жүйелі түрде жинақтау – қаланы қауіпсіз, жайлы және заманауи орта ретінде дамытуға бағытталған маңызды қадам.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
